Сайрам ауданында өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған ауқымды жобалар қарқынды жүзеге асырылуда. Солардың бірі – жеке кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен салынып жатқан шағын өндірістік парк. Бұл жоба өңірдің өндіріс саласын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау және экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған. Аудан әкімі Мадияр Оразалиев өндірістік парк аумағындағы нысандардың құрылыс барысымен танысып, жауаптыларға жұмыс сапасын қатаң сақтау, қауіпсіздік талаптарын орындау және нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беру міндетін қойды.
Қазіргі таңда өндірістік парк аумағында бірнеше бағыттағы цехтардың құрылысы жүріп жатыр. Олардың ішінде қағаз қалдықтарын қайта өңдеу цехы маңызды орын алады. Жобаның инвестициялық құны 250 миллион теңгені құрап, цех тәулігіне 20 тонна өнім өндіруге қауқарлы болады. Іске қосылған кезде 20 тұрақты жұмыс орны ашылып, өңірдегі қалдықтарды кәдеге жарату жүйесін дамытуға мүмкіндік береді, бұл экологиялық мәселелерді шешуге де септігін тигізеді.
Сонымен қатар, өндірістік парк аумағында сүт өнімдерін қайта өңдеу цехының құрылысы жүргізілуде. Жобаның инвестициялық көлемі 350 миллион теңге, цех тәулігіне 15 тоннаға дейін өнім өндіруге қабілетті. Іске қосылған кезде 30 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл сүт өнімдерін өңдеуді арттыруға, жергілікті фермерлерді қолдауға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұдан бөлек, өндірістік парк аумағында күн панелі арқылы электр қуатын өндіру жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның қуаттылығы 200 кВт, инвестициялық көлемі 50 миллион теңге, іске қосылғаннан кейін 2 адам жұмыспен қамтылады. Бұл нысан өндіріс объектілерін тұрақты және экологиялық таза энергиямен қамтамасыз етіп, электр энергиясына кететін шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Аталған құрылыс нысандары жыл соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Өндірістік парк іске қосылғаннан кейін аудандағы өндіріс көлемі айтарлықтай өсіп, жергілікті тұрғындар үшін барлығы 52 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, жобалар кәсіпкерлікті қолдауға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, өндірістік инфрақұрылымды жаңартуға және экономикалық өсімге серпін беретін болады.
Аудан әкімдігі құрылыс жұмыстарының сапасы мен қауіпсіздігін тұрақты бақылауда ұстап, мердігер мекемелерге барлық техникалық және экологиялық талаптарды қатаң орындауды міндеттеді. Парк жұмысқа кіріскен соң өңірдің экономикалық дамуына, халықтың әлеуметтік әл-ауқатына және өндіріс саласындағы инновациялық тәжірибелерді енгізуге айтарлықтай үлес қосатын болады. Бұл жоба Сайрам ауданында инвестициялық тартымдылықты арттыруға, өндірістік кластерлерді дамытуға және өңірлік экономиканы әртараптандыруға бағытталған стратегиялық қадамдардың бірі болып есептеледі.
