Түркістан қаласында инфрақұрылымды дамыту және абаттандыру бағытындағы ауқымды жұмыстар жоспарға сай жүзеге асып келеді. Қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы аймақтағы құрылыс, көгалдандыру және инженерлік бағыттағы жұмыстардың орындалу барысын бақылап, жұмыс қарқынымен танысты.
Алдымен Жаңа қала аумағындағы құрылыс қалдықтарын толық жою және нысандардың сыртқы қоршауларын ретке келтіру жұмыстары назарға алынды. Бұл бағыттағы жұмыстардың сапасы мен мерзімі қатаң бақылауда болып, жауапты сала өкілдерімен тұрақты мониторинг жүргізілуде. Қаладағы негізгі көшелер, соның ішінде Саттарханов даңғылы мен әуежай тас жолы, бойындағы көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Аталған аймақта жалпы 15 000 түп раушан гүлі отырғызылды, сонымен қатар жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде.
Сондай-ақ, «Жібек жолы» тұрғын үй кешені жолындағы 26-көшеде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жол сапасы, инфрақұрылымдық талаптардың орындалуы және жұмыс кестесіне сәйкестігі мұқият тексеріліп, тараптардан тиісті ұсыныстар берілді. Айта кетейік, 5,2 гектар аумақты қамтитын «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінің құрылысы қарқынды жүріп, арендалдық және несиелік үйлерден құралған кешенде барлығы 344 пәтер бой көтереді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 75 пайызы аяқталған.
Сонымен қатар, қала әкімі шаһардағы Өндірістік парк пен арнайы экономикалық аймақ аумағында атқарылып жатқан жұмыстарды аралап, инфрақұрылымды ретке келтіру және тазалық деңгейін күшейту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Бүгінде бұл аймақта 5000 түп ағаш отырғызылып, кіші өндірістік 5 ғимараттың құрылысы мен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Қала әкімінің тапсырмасымен алдағы кезеңде:
- көшелер мен қоғамдық орындарды жарықтандыру жүйелерін жаңарту;
- балалар алаңдары мен спорт нысандарын абаттандыру;
- қоғамдық көліктің аялдамаларын жөндеу және инфрақұрылымын жақсарту;
- қоқыс шығару мен тазалық жұмыстарының сапасын арттыру;
- жасыл желектерді күтіп-баптау, жаңа гүлзарлар мен саябақтар жасау;
сияқты бірқатар жұмыстар қолға алынады.
Аталған жобалар қала аумағының көркі мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Қала әкімдігі тұрғындарды белсенді қатысуға шақырып, әрбір шаһар тұрғынының ұсынысы мен пікірін ескере отырып, Түркістанды заманауи, таза және қауіпсіз қалаға айналдыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін мәлімдеді.
