Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының қорытынды облыстық байқауы ұйымдастырылды. Іс-шара Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен өтті және оған облыстық ҚХА жанындағы этномәдени бірлестіктердің мүшелері, сондай-ақ «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері қатысты.
Ашылу салтанатында сөз алған облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева байқаудың қазақстандық бірегейлік пен ұлттық бірлікті нығайтудағы рөлін атап өтіп, қатысушыларға шығармашылық табыс пен сәттілік тіледі. Ол, сондай-ақ, Қазақстан халқының мәдени әртүрлілігін дәріптеу, жас таланттарды қолдау және олардың рухани дамуына үлес қосу мақсатында осындай жобалардың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Жас таланттардың шеберлігін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған байқауда өңіріміздің әр аудан мен қаласынан 20-дан аса үміткер қатысып, «Ана тілім – арым» және «Өнерлі өрге жүзер» номинациялары бойынша өнер сайысында бақ сынады. Қатысушылардың өнері мен шеберлігі әділқазылар алқасы тарапынан жан-жақты бағаланды. Бағалау кезінде сөз мәнері, мәтіннің бейнелік жүйесі мен мазмұндық құрылымы, актерлік шеберлік, сахналық мәдениет және шығарманың таңдалу ерекшелігіне ерекше назар аударылды.
Байқау қорытындысы бойынша «Ана тілім – арым» номинациясында 1 орынды Зиёда Ирисматова иеленсе, 2 орынды Мардона Абсаматова, 3 орынды Шахризода Курбантаева алды. «Өнерлі өрге жүзер» номинациясында топ жарған Бекзат Бахадир республикалық кезеңге жолдама алды. Сонымен қатар, 2 орынды Сарвар Умурдинов, 3 орынды Малика Абдикаримова иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы мен облыстық қоғамдық даму басқармасы тарапынан алғыс хаттар табысталып, қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, шара барысында барлық қатысушыларға естелік сертификаттар мен шағын сыйлықтар берілді, бұл олардың шығармашылық ынтасын арттыруға бағытталғанын көрсетеді.
Байқау аясында жас өнерпаздар өздерінің ұлттық мәдениеті мен тілін дәріптеп, өзара тәжірибе алмасып, шығармашылық байланыс орнатты. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар қатысушылар мен көрермендер үшін арнайы мәдени бағдарлама әзірлеп, ұлттық әуендер мен көріністерді ұсынды. Бұл жоба Түркістан облысында жастардың патриоттық тәрбиесін, ұлттық бірлікті нығайту және мәдени-ағартушылық бағыттағы іс-шараларды жүйелі түрде дамытуға зор үлес қосатынын көрсетті.
Байқау қорытындысы жас таланттардың шығармашылық мүмкіндіктерін ашып қана қоймай, олардың болашақтағы дамуына жол ашып, республикалық деңгейдегі жобаларға қатысуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай жобаларды тұрақты түрде өткізіп, өңірдегі жас таланттарды қолдауды жалғастыруға ниетті.
