Қоғам

САЙРАМ АУДАНЫНДА ҚХА-НЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ЖҮГІРУДЕН МАРАФОН ӨТТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Заң мен тәртіп» қағидасын негізге ала отырып, Сайрам ауданы әкімдігі мен аудандық прокуратурасының бірлескен меморандум негізінде «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы аясында «САЙРАМ МАРАФОН – 2025» жүгіру жарысы ұйымдастырылды. Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналып, аудан тұрғындарын салауатты өмір салтын насихаттауға шақыру мақсатында өткізілді.

Марафонға жалпы 300-ге жуық адам қатысты. Жарыс Ынтымақ ауылынан басталып, Шіркін ауылына дейін 5,8 шақырымдық қашықтықты қамтыды. Жүгірушілер түрлі жас санаттары бойынша сынға түсіп, белсенділік пен төзімділікті көрсетті. Жарыс барысында қатысушыларға тек спорттық дайындықтарын сынау мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар қоғамда салауатты өмір салтын дәріптеу, зиянды әдеттерден аулақ болуға үндеу және жастарды спортқа тарту секілді маңызды миссия жүктелді.

Марафонның қорытындысына сәйкес, аудан әкімі Мадияр Оразалиев, аудан прокуроры Бақытжан Байгозиев, аудандық полиция басқармасының басшысы Мұрат Ермеков және “AMANAT” партиясы Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов сөз алып, қатысушыларды құттықтап, ыстық ықыластарын жеткізді. Олардың айтуынша, осындай ауқымды шаралар жастарды зиянды әрекеттерден аулақ болуға және салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырады.

Алғаш рет ауқымды көлемде ұйымдастырылған марафонда ерекше жылдамдық пен төзімділік танытқан қатысушылар арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, белсенді қатысушыларға алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталып, марафонға қатысқан барлық адамдардың еңбегі еленді.

Шара барысында қатысушыларға арнайы демалыс аймақтары, су және жеңіл тағамдар ұсынылды. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер үшін шағын жүгіру алаңдары ұйымдастырылып, оларға спорттық ойындар мен эстафеталық жарыстар өткізілді. Бұл іс-шара тек спортты насихаттап қана қоймай, сонымен қатар қоғамдағы бірлікті нығайтып, түрлі ұлт өкілдері арасында достық байланыстарды орнатуға да септігін тигізді.

«САЙРАМ МАРАФОН – 2025» жастарға үлгі көрсетіп, қоғамдағы салауатты өмір салтын қолдауға бағытталған іс-шара ретінде ауданның тұрақты мерекелік күнтізбесіне енеді деп жоспарлануда. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай марафондарды жүйелі түрде өткізіп, аудан тұрғындарын спортқа және салауатты өмірге тартуды жалғастыруға ниетті.

Қатысты жаңалықтар

Масылдықпен күресті жұмыс істейтін таптарға жеңілдік қарастырудан бастағанымыз жөн – Бауыржан Мұратбекұлы

Bastynews

САЙРАМ АУДАНЫНДА «АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМДАРЫ ЖҰМЫСЫНА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗУ» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

bastynews

Масылдықты ауыздықтай аламыз ба?

Bastynews