Түркістан облысында тұрғындарды сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы 220 нысанның құрылысы басталған, оның ішінде 121 нысан биыл пайдалануға берілуі тиіс. Бұл – облыстың коммуналдық саланы жаңғырту, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында нақты шаралар атқарылып жатқанын көрсетеді.
Сапалы ауыз су мен кәріз жүйелері
Облыста тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 66 нысанның құрылысы қолға алынды. Биыл 38 нысан пайдалануға берілуі жоспарланса, қалған 28 нысан келесі жылы тапсырылатын болады. Жобалар 30,8 мың халқы бар 30 елді мекенді қамтып отыр. Қалған 8 елді мекенде (халық саны – 0,6 мың) кешенді-блок модульдері орнатылуда. Қазіргі уақытта 30 елді мекеннің 15-інде (Сарыағаш-5, Келес-4, Қазығұрт-1, Ордабасы-3, Отырар-1, Бәйдібек-1) нысандар толық пайдалануға берілген, қалғандарында құрылыс жұмыстары жалғасуда.
Кәріз жүйесін дамытуға 16 жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде жыл соңына дейін 10 нысан пайдалануға беріледі. Түркістан қаласында – 7 нысан, Арыс қаласында – 1, Ленгірде – 1, Ордабасы ауданында – 1 нысан пайдалануға тапсырылады.
Газдандыру және электр қуатымен қамту
2025 жылы облыс тұрғындарын газдандыру үшін 80 жобаға қаржы бөлінді. Биыл 46 жоба аяқталып, 43 елді мекендегі 73 мың тұрғын табиғи газбен қамтылды. 34 жоба келесі жылға өтпелі. Нәтижесінде, газдандыру деңгейі 75,1%-ға жетіп, облыстағы 1,9 млн тұрғыны бар 606 елді мекен толық көгілдір отынға қосылады.
Электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша биыл 47 нысанның құрылысы басталды. Оның ішінде 25 нысан биыл аяқталады, қалған 22 нысан – 2026 жылға өтпелі. Қазіргі таңда 17 нысанның құрылысы аяқталып, 14 елді мекенде 32,5 мың тұрғын тұрақты электр энергиясымен қамтылды. Атап айтсақ, Төлеби ауданындағы 110 кВ «Алатау» қосалқы станциясы іске қосылды, Жетісайдағы 110 кВ «Жетісай» қосалқы станциясы пайдалануға беруге дайындалуда.
Жылумен қамту және энергия тиімділігі
Жылумен қамту бойынша 3 нысанға қаржы бөлініп, 40,2 км жылу желілері қайта құрылды. Кентаудағы жылу энерго орталығында 6 қазандық толық жаңартылып, 8 қазандыққа автоматтандырылған басқару жүйесі орнатылды. Сондай-ақ турбоагрегаттар жөндеуден өткізіліп, электр қуатын өндіру көрсеткіші 5 МВт-ттан 10 МВт-қа артты.
Жол инфрақұрылымы: сапалы қатынау – басты міндет
Облыс аумағында автомобиль жолдарын жөндеу және салу бойынша 288 нысан немесе 1241,5 км жолдар қамтылып отыр. Жыл соңына дейін 233 нысан немесе 951,4 км жол пайдалануға беріледі. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жергілікті маңызы бар жолдардың сапалы және қанағатты жағдайда болуы 94,7%-ға жетпек.
