Түркістан облысы биыл құрылыс саласын жаңғыртуда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуде. 2025 жылы өңірде 180 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 52 жаңа жоба басталса, 128 нысан – өтпелі құрылыс. Бұл көрсеткіш өңірдің әлеуметтік, инженерлік және тұрғын үй инфрақұрылымын жүйелі түрде жаңарту бағытында істеліп жатқан жұмыс көлемінің жоғары екенін көрсетеді.
Әлеуметтік инфрақұрылым: мектептер, мәдениет, спорт нысандары
Облыс аумағында білім беру саласында 17 нысанның, сондай-ақ «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 16 білім нысанының құрылысы жүріп жатыр. Бұл – өңірдегі оқушы санының артуына байланысты жаңа мектептерге деген сұранысты өтеу және үш ауысымды мектептерді азайту бағытындағы маңызды қадам.
Денсаулық сақтау саласында 4 жаңа нысан, мәдениет саласында 19, ал спорт саласында 26 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл нысандар халыққа сапалы қызмет көрсетуге, ауылдық жерлерде мәдени және спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Инженерлік инфрақұрылым: өңір дамуындағы басты басымдық
Инженерлік инфрақұрылым саласында биыл 54 нысан салынуда. Сонымен бірге, «Тұран» арнайы экономикалық аймағында 4 ірі инфрақұрылым жобасы іске асырылуда. Осы арқылы индустрияның, өндірістік аймақтардың және инвестициялық жобалардың алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасалады.
Биыл инженерлік инфрақұрылым бойынша 29 нысанды аяқтау көзделсе, қазіргі уақытта оның 11-і пайдалануға берілді. Қалған 18 нысан жыл соңына дейін аяқталады.
Тұрғын үй құрылысы: баспана қолжетімділігін арттыру
Түркістан облысында тұрғын үймен қамту мәселесі айрықша назарда. Жыл басынан бері жалпы ауданы 132,5 мың шаршы метрді құрайтын 2138 пәтерлік 30 кредиттік тұрғын үй құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді.
Сонымен қатар:
- 176 пәтерлі 4 арендалық тұрғын үйді тапсыру жоспарланған,
- Оның ішінде Төлеби ауданында – 3 үй, Жетісайда – 1 тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі,
- Облыс аумағында 578 арендалық пәтер сатып алу жоспарланған, қазірге дейін 180 пәтер сатып алынды,
- 2015 пәтерлі кредиттік тұрғын үйді сатып алу жоспарланып, оның ішінде 1720 пәтер бойынша келісімшарт жасалды,
- Кентау мен Сайрамда 108 пәтер сатып алынды.
Одан бөлек, Түркістан, Кентау, Арыс қалаларында және Ордабасы, Жетісай аудандарында жаңа тұрғын үйлер салынуда.
Жыл қорытындысы: нақты жоспар және орындалған жұмыс көлемі
Жыл соңына дейін өңірде 104 нысанды пайдалануға беру көзделуде. Қалған 76 нысан 2026 жылы толық аяқталады. Қазіргі таңда 68 нысан іске қосылған. Бұл – құрылыс сапасының, мемлекеттік бағдарламалардың және жергілікті атқарушы органдардың жұмысының нақты көрсеткіші.
Түркістан облысында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары – өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын арттырып қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған стратегиялық міндеттердің жүзеге асуының айқын дәлелі.
