Түркістан облысында инфрақұрылымды жаңғырту шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе электр энергиясымен қамту бағытында атқарылатын жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсіміне тікелей әсер ететін маңызды сала болып саналады. Осыған орай облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС басшылығымен кездесіп, жоспарланып отырған ірі жобаларды талқылады.
Кездесу барысында облыс орталығы мен аудан-қалаларды тұрақты әрі сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету, тозығы жеткен электр желілерін жаңарту, қосымша қосалқы станциялар салу, қуаттылықты арттыру және цифрлық технологияларды енгізу мәселелері көтерілді. Электр жүйесін автоматтандыру, жасанды интеллектті қолдану арқылы басқаруды оңтайландыру бағытында да ұсыныстар айтылды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров саладағы түйткілдерді уақытылы шешудің маңызын атап өтіп, нақты міндеттер жүктеді.
– Өңір халқын сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – біз үшін басым бағыт. Энергия тапшылығын жою үшін тиімді бастамаларға қолдау көрсетіп, олардың жүзеге асырылуын тұрақты бақылауда ұстаймыз. Жобалардың бәрі өңірдің ұзақ мерзімді дамуына қызмет етуі тиіс, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Кездесу кезінде «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС директоры Айдар Махамбет компанияның алдағы жылдарға арналған жоспарын таныстырды. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025–2029 жылдары жалпы ұзындығы 778,9 шақырым электр желісі қайта жаңғыртылып, 23 қосалқы станция мен 343 трансформатор толық жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстар электр желілерінің тозуын айтарлықтай төмендетіп, техникалық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Жоба нәтижесінде 2029 жылға қарай өңірдегі энергия тапшылығы сезілетін аймақтарға қосымша 230 МВт жаңа қуат беріледі.
Сонымен қатар Отырар, Ордабасы, Сайрам және Мақтаарал аудандарында жүзеге асырылуы жоспарланған бірқатар инфрақұрылымдық жобалар да жан-жақты зерделенді. Энергетикалық жүйенің тұрақтылығын арттыруға бағытталған тиімді бастамалар 2026–2029 жылдары кезең-кезеңімен орындалатын болады. Бұл жобалар іске асқанда облыстың электрмен қамту жүйесі кешенді түрде жаңарып, өңірдегі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және халық тұтынатын қуат сапасы арта түседі.
Түркістан облысының энергетикалық саласын жаңғыртуға бағытталған бұл шаралар өңірдің даму қарқынын күшейтіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға айтарлықтай үлес қоспақ.
