Түркістан облысында жол сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жалғасып келеді. Мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, облыс аумағында жолдарды қайта құру, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Алайда ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк артып қозғалуы салдарынан жаңадан салынған жолдар зақымданып, олардың мерзімінен бұрын тозуына әкеліп соғуда.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, ауыр жүк көліктерінің әрбір осіне 8 тоннадан артық жүк артуға тыйым салынған. Алайда кейбір көліктер 20–25 тоннаға дейін артық жүк артып, жолдардың қызмет ету мерзімін қысқартуда. Осы мәселені шешу мақсатында Түркістан облысында 7 жерде арнайы өлшеу бекеттерін орнату жоспарланған.
Қазіргі таңда Арыс қаласындағы Арыс – Темірлан және Арыс – Қабылсай бағытындағы жолдарға автоматтандырылған өлшеу бекеттері орнатылып, толық жұмысын бастады. Бұл бекеттер жүк көліктерінің салмағын автоматты түрде өлшеп, заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтайды, сондай-ақ, жол қауіпсіздігі мен инфрақұрылымның ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бүгінге дейін орнатылған екі бекет арқылы ауыр жүк көліктерінің 1820 әкімшілік құқық бұзушылық жағдайы тіркелген. Айыппұлдар мен құқық бұзушылықтарды дер кезінде рәсімдеу жүргізушілерді жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде жолдардың зақымдануын азайтады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жүргізушілер тарапынан кейде келіспеушіліктер туындауына байланысты Арыс қаласына арнайы іссапармен барып, бекеттердің жұмысын бақылауға алды. Сонымен қатар тиісті мекемелермен бірлесіп зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Қараша айының соңында зертханалық сараптама нәтижелері жарияланатын болады, бұл мәліметтер болашақта заңнамалық түзетулер мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жетілдіруге негіз болмақ.
Жоба аясында тек ауыр жүк көліктерінің салмағын бақылау ғана емес, жол инфрақұрылымын қорғау, көлік қатынасының қауіпсіздігін арттыру және жол жөндеуге жұмсалатын шығындарды азайту мақсаттары да көзделген. Алдағы уақытта облыстың өзге аудандары мен қала маңында да автоматтандырылған өлшеу бекеттерін орнату арқылы заңсыз салмақ тасымалы толықтай бақылауға алынбақ.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, бұл бекеттердің жұмысы жолдардың қызмет ету мерзімін ұзартып, жөндеу шығындарын қысқартуға, сондай-ақ, көлік қауіпсіздігі мен жол қозғалысының мәдениетін арттыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар, жүргізушілер мен тасымалдаушыларға түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, заң бұзушылықтардың алдын алу шаралары күшейтілмек.
