Түркістан облысында мақта өңдеу саласы қарқынды дамып келеді. Облыс аумағында тамшылатып суару технологиясын қолдану арқылы мақта егетін алқаптар ұлғайып, төрт ірі өңдеу зауытының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар аймаққа инвестиция тартуға, ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мақта кластерінің дамуы өңірдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және ауылдық жерлерде әлеуметтік жағдайды жақсартуға септігін тигізеді.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков пен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Рустам Карагойшин Отырар ауданындағы «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС құрылыс алаңын аралап, кешеннің инфрақұрылымдық және өндірістік жұмыстарымен танысты. Кешеннің жалпы аумағы 39 308 шаршы метрді қамтиды, ал жобаны толық іске қосу нәтижесінде 4 мың жаңа жұмыс орны ашылады, бұл аймақ тұрғындары үшін тұрақты табыс көзі мен әлеуметтік жағдайды жақсарту мүмкіндігін береді.
Жобаның жалпы құны 146,8 млрд теңге болып, мақта кластері жылына 360 мың тонна шитті мақта өңдеп, тұрмыстық және дайын тоқыма өнімдерін шығаратын болады. Бұл ретте заманауи технологияларды енгізу арқылы өнім сапасы мен экспорттық әлеует артады. Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында мақта талшығынан жіп, мата және дайын тоқыма өнімдерін шығаратын жаңа зауыт салу жоспарланып отыр, бұл облыстың жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға серпін береді.
Аймақтық инвестициялық жобалар арқылы Отырар ауданында 32 мың гектар жерге тамшылатып суару жүйесі енгізіліп, өнімділік айтарлықтай артты. Бұрын гектарына 5–6 мың м³ су қажет болса, жаңа технологиямен бұл көрсеткіш 2,5–3 мың м³ дейін төмендеді. Алқаптар маңында салынатын төрт зауыттың екеуін биыл іске қосу жоспарланған, қалған екі зауыт 2026 жылы толық пайдалануға берілмек.
Сонымен қатар, жобаны жүзеге асыру барысында жергілікті фермерлер мен аграрлық кәсіпорындарға заманауи тәжірибелер мен технологиялық шешімдер көрсетілуде. Бұл мақсатпен техникалық оқыту және жұмысшылардың кәсіби біліктілігін арттыру шаралары да қарастырылған.
Түркістан облысындағы мақта кластері – агроөнеркәсіптік әлеуетті арттыруға, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, инвестициялық климатты нығайтуға және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған стратегиялық жоба болып отыр. Бұл бастамалар облыстың экономикасын әртараптандыруға, ауыл шаруашылығын инновациялық деңгейге көтеруге және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға маңызды үлес қосады.
