Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы биылғы жылы елеулі даму көрсеткіштерін көрсетті. 2025 жылы облыс аумағында ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға егілді, бұл соңғы үш жылда тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларының енгізілуінің арқасында 43,4 мың гектарға ұлғайған.
Егіс көлемін арттыру бойынша көшбасшылар қатарында Отырар ауданы (20,8 мың га), Арыс қаласы (9,2 мың га), Сарыағаш ауданы (6,5 мың га), Бәйдібек ауданы (4,8 мың га) және Сауран ауданы (2,3 мың га) бар. Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров аппарат мәжілісінде сала жұмысын жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді: «Цифрландыру әдістерін қолдана отырып, егіс егу және суғарудың кешенді жол картасын әзірлеу қажет. Сонымен қатар, 2026–2029 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жоспарын әзірлеп, бекітуді тапсырамын» – деді облыс басшысы.
Егіс құрылымы бойынша дәнді дақылдар – 342 мың га, майлы дақылдар – 73 мың га, көкөніс пен картоп – 55,9 мың га, бақша дақылдары – 62 мың га, мал азықтық дақылдар – 229,9 мың га, мақта – 144,5 мың га егілді. Дала жұмыстарына 93,3 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп көрсеткіш болып отыр. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарында жанармай толық жеткізіліп, жұмыстың кестеге сәйкес жүргізілуі қамтамасыз етілді.
Мемлекеттік қолдау шаралары аясында тыңайтқыштар 781 мың гектар егіс алқабына енгізіліп, жоспар 120% орындалды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын несиелендіру көлемі 26,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есе артты.
Облыстағы ауылшаруашылық техника паркі 25 мың бірлікті құрап, биыл 1 531 жаңа техника сатып алынған. Бұл көрсеткіш техниканы жаңарту көлемін 8,8%-ға жеткізіп, жыл соңына дейін 10%-ға жетпек.
Егін жинау науқаны нәтижесінде дәнді дақылдар – 695 мың тонна, майлы дақылдар – 54 мың тонна, көкөніс – 1,5 млн тонна, картоп – 298 мың тонна, бақша дақылдары – 1,7 млн тонна, мал азықтық дақылдар – 5,2 млн тонна, мақта – 428 мың тонна өнім берді. Мақта өнімділігі 1,4 есе, күріш 2,3 есе артты.
Су үнемдеу технологиялары енгізілген 59 мың гектар алқапта өнімділік жоғарылады, суды пайдалану көлемі екі есе төмендеді. Тамшылатып суару арқылы мақта дақылында өнімділік екі есеге артса, күріш алғаш рет пилоттық түрде тамшылатып суарылып, гектарына 4–5 тонна өнім алды.
Түркістан облысында аграрлық саланы дамытудың тұрақты жолы осылайша мемлекеттік қолдау, жаңа технологиялар және шаруалардың еңбекқорлығы арқылы қамтамасыз етілуде.
