Жаңалықтар Қоғам

ТҮЛКІБАС: ӨНЕРКӘСІП АЛАҢЫНДА ЖИҺАЗ ЦЕХЫ МЕН ӨНДІРІС ОШАҚТАРЫ АШЫЛАДЫ

Түлкібас ауданында өңір экономикасына тың серпін беретін ауқымды жобалар саны артып келеді. Бүгінгі таңда аудан орталығы Т.Рысқұлов және Балықты ауылдық округіндегі шағын өнеркәсіптік аймақтардағы жұмыс қарқыны күшейген. Онда өз кәсібін бастау мақсатында 6 кәсіпкер құжат тапсырып, бүгінгі таңда іргетасын қалау жұмыстары басталған. Арнайы аймақта жиһаз цехы мен шағын өндіріс ошақтары шоғырланбақ.

Қазіргі уақытта кәсіпкерлерге әкімдік тарапынан құрылыс жүргізуге қажетті инфрақұрылым – электр желілері, сумен жабдықтау, жол қатынасы және коммуникациялық жүйелер қамтамасыз етілген. Жобалардың іске асуы жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтуға, шағын және орта бизнес дамуына, аудан экономикасына қосымша кіріс көзіне жол ашпақ.

Аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев атқарылып жатқан жұмыстармен арнайы танысып, жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар берді. Оған құрылыс сапасын қатаң бақылау, нысандарды уақытылы аяқтау, кәсіпкерлерге әкімшілік қолдауды ұйымдастыру бойынша нақты шаралар кіреді.

Балықты ауылдық округінде 10 гектар жерде шағын мал шаруашылығы кластерін дамыту жоспарлануда. Бұл жобаға қызығушылық танытқан 10 кәсіпкер ет бағытындағы төрт түлікті бордақылауды қолға алмақ. Қазіргі таңда жол салынып, электр энергиясын жеткізу мақсатында трансформатор мен бағаналар орнатылды. Жобаның іске асуы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және экспортқа шығару әлеуетін арттырады, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Асқар Сұлтанұлы бастаған топ Бақыбек мөлтек ауданындағы 100 орындық және Ынтымақ ауылындағы 200 орындық мәдениет үйлері, сондай-ақ Састөбе кентіндегі екі қабатты 48 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Аудан басшысы мердігер мекеме өкілдеріне нысандарды сапалы әрі уақытылы аяқтау қажеттігін атап өтті.

Аталған нысандардың іске қосылуы жергілікті тұрғындардың мәдени, әлеуметтік және тұрмыстық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, білім беру, денсаулық сақтау және демалыс орындарын жақсартуға бағытталған. Бұл, өз кезегінде, ауданның тұрақты дамуына, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және жаңа кәсіпкерлерді тартуға септігін тигізеді.

Жалпы, аталмыш жобалар Түлкібас ауданының әлеуметтік және экономикалық дамуына серпін беріп, жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік жасайды. Алдағы уақытта өнеркәсіп аймағының аумағын кеңейту, инфрақұрылымды жақсарту, өндірістік әлеуетті арттыру және жаңа инвестициялық жобаларды тарту бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатын болады.

Қатысты жаңалықтар

Шымкентте үздік ұстаздар ұлықталды

bastynews

Ел бірлігін қамтамасыз ету

Bastynews

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ АУЫЛДАРДЫ АРАЛАП, ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Bastynews