Түркістан облысы, Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт ауылында халыққа жедел медициналық көмек көрсету сапасын арттыру мақсатында жаңа заманауи жедел жәрдем бекеті ашылды.
Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңірде шұғыл медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ету және қызмет сапасын көтеру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қарамұрт ауылындағы жаңа жедел жәрдем бекеті – осы бастамалардың нақты көрінісі.
Ашылу рәсіміне облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев, бекеттің қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен жергілікті белсенділер қатысты.
Аталған нысанға күрделі жөндеу жұмыстары бюджет есебінен жүргізіліп, барлық талаптарға сай заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталды. 17 мыңнан астам тұрғыны бар Қарамұрт ауылында енді тәулік бойы 24 сағат жұмыс істейтін 2 жедел жәрдем бригадасы қызмет көрсетеді. Оған қосымша, ауылға екі жаңа заманауи жедел жәрдем көлігі табысталды.
Құрылысы 2025 жылдың тамызында басталған бекет қазіргі таңда толық пайдалануға беріліп, 36 медициналық қызметкер тұрақты жұмысқа орналасты. Бекеттегі заманауи жабдықтар мен диагностикалық құралдар шұғыл медициналық қызмет көрсетудің тиімділігін айтарлықтай арттырады.
Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев те өз құттықтауында:
«Бұл жаңа бекет – шұғыл медициналық көмектің жеделдігі мен сапасын арттыруға, фельдшерлер мен дәрігерлердің жұмыс жағдайын жақсартуға зор мүмкіндік береді. Нысан құрылысы аяқталған соң тұрғындардың өздері аумақты асфальттап, абаттандыруға үлес қосты. Бұл – ауылдың бірлігі мен ынтымағының белгісі. Ауызбіршіліктеріңіз нығая берсін! Баршаңызға денсаулық, амандық тілеймін!» – деді.
Жаңа жедел жәрдем бекетінің ашылуы тек Қарамұрт ауылының тұрғындары үшін ғана емес, жалпы аудан тұрғындарының шұғыл медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға, ауылдық денсаулық сақтау инфрақұрылымын нығайтуға, сондай-ақ апаттық және шұғыл жағдайларда жауап беру тиімділігін жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Алдағы уақытта аудан әкімдігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы тұрғындардың сапалы медициналық қызметке қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында жаңа бекеттерді салу және бар бекеттердің қызмет сапасын жетілдіру жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр.
