Басты жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА СТАТИСТИКА ҚЫЗМЕТІНІҢ 105 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ

Бүгін Түркістан қаласында Қазақстанның мемлекеттік статистика қызметінің 105 жылдығына арналған мерекелік іс-шара салтанатты түрде өткізілді. Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, сала ардагерлері, сондай-ақ өңірдің статистика органдарының қызметкерлері қатысты. Іс-шара барысында сала мамандарының кәсіби мерекесі кең көлемде атап өтіліп, олардың ел дамуына қосып келе жатқан үлесі жоғары бағаланды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров статистика саласының қызметкерлерін құттықтап, олардың еңбегін атап өтті:

– «Бүгін біз Қазақстанның мемлекеттік статистика қызметінің 105 жылдық мерейтойын атап өтудеміз. Осы айтулы мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Ел Президенті биылғы Жолдауында ел дамуының жаңа басымдықтарын айқындады. Цифрлық даму, инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыра отырып, шикізаттық сектордан терең өңдеуді дамыту – осы бағыттар бойынша статистика жүйесі де заманауи талаптарға сай жаңарып келеді. Цифрлық трансформация, деректер сапасын бақылаудың жаңа тәсілдері, ашықтық пен сенімділікті арттыру – барлығы мемлекеттік статистикаға деген сенімді нығайтып отыр. Сіздер – қоғамның барометрісіздер. Сапалы статистикалық деректер экономика мен әлеуметтік саясатты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз арқасында маңызды шешімдер дәлелді деректерге сүйене отырып қабылданады» – деді облыс басшысы.

Іс-шара барысында ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлнар Күнтуғанова «Мемлекеттік статистикаға 105 жыл: Қазақстанның ұлттық статистикасы жүйесінің бастауы мен бүгінгі жетістіктері» тақырыбында баяндамасын жасады. Ол баяндамасында статистика жүйесінің қалыптасу тарихына тоқталып, қазіргі цифрлық технологияларды енгізу, деректер сапасын бақылаудың жаңа әдістері мен ашықтықты арттыру шараларының маңыздылығын атап өтті.

Салтанатты жиында ұзақ жылдар бойы статистика саласында еңбек етіп, өз кәсібіне адалдық танытқан бірқатар үздік қызметкерлерге облыс әкімінің Алғыс хаттары мен марапаттары табыс етілді. Марапатталғандар арасында өңірлік статистика департаментінің жетекші мамандары, деректерді жинау және өңдеу саласында еңбек еткен тәжірибелі қызметкерлер бар.

Сонымен қатар, мерекелік іс-шарада қатысушылар үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Оған мәдениет және өнер өкілдері қатысты. Концерттік нөмірлер арқылы статистика саласының қызметкерлерінің еңбегі мен маңыздылығы көрініс тапты, шығармашылық қойылымдар мерекелік көңіл-күйді арттырды.

Іс-шара соңында Нұралхан Көшеров барлық қатысушыларға кәсіби табыс, денсаулық және табысты жұмысты тілеп, Қазақстанның мемлекеттік статистика қызметінің одан әрі дамуына үлес қосуға шақырды. Мерекелік шараның ұйымдастырылуы статистика саласының қоғамдағы маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті, сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесін жоғары деңгейде атап өтуге мүмкіндік берді.

Қатысты жаңалықтар

ЦИФРОВИЗАЦИЯ ОБРАЗОВАНИЯ И РАЗВИТИЕ ДУАЛЬНОЙ МОДЕЛИ: В ШЫМКЕНТСКОМ ИНДУСТРИАЛЬНО-ТЕХНИЧЕСКОМ КОЛЛЕДЖЕ СОСТОЯЛСЯ ИНФОРМАЦИОННЫЙ СЕМИНАР

bastynews

ТҮРКІСТАНДА МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР ҰЛЫҚТАЛДЫ

bastynews

Дресс-кодты бұзған мұғалімдер мектептен қуылады

Bastynews