Түркістан облысына қарасты аудан және қала өкілдері шет мемлекеттерге іссапарлар ұйымдастырып, тәжірибе алмасу жұмыстарын жүйелі жүргізуде. Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев бастаған делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып, Таншань қаласында бірнеше ірі кәсіпорындар мен өндіріс орындарын аралап көрді.
Іссапардың негізгі мақсаты – екіжақты экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты нығайту, өңірлік өнеркәсіп пен технологиялық салаларды дамыту, сондай-ақ жаңа серіктестік бағыттарын айқындау.
Делегацияның сапары «Tanshan Huating PoreelainCo 6 LTD» компаниясының жұмысымен танысумен басталды. Бұл кәсіпорын мал сүйектерін өңдеу арқылы май және желатин компоненттерін өндіріп, түрлі тауарларды шығарады. Кәсіпорынның өндірістік желілері, сапаны бақылау жүйесі, логистикалық инфрақұрылымы мен халықаралық стандарттарға сәйкестігі түркістандық өкілдер үшін тәжірибе болды.
Сондай-ақ жұмыс сапары «Chenlong» компаниясына барып жалғасты. Мұнда жасанды интеллект негізінде басқарылатын дрондар өндірісі, автоматтандырылған басқару жүйелері мен робототехникалық құрал-жабдықтар таныстырылды. Делегация авто-мектептің жұмыс барысын да қарап, оқыту технологиялары мен қауіпсіздік шараларын зерделеді.
«Tangan» компаниясының машина жасау өндірісі мен төтенше жағдайларға арналған жабдықтар шығару орталығы да делегация назарына ұсынылды. Аталған орталық жыл сайын 60 мыңнан астам түрлі жабдықтарды өндіреді, бұл өңірдің өндірістік әлеуеті мен экспорттық мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған.
▪️Сонымен қатар Түркістандық жұмыс тобы Таншань қаласындағы қалдықтарды өртеу арқылы электр қуатын өндіретін компанияның қызметімен танысып, энергияның баламалы көздерін тиімді пайдалану тәжірибесін зерделеді. Бұл тәжірибе өңірде экологиялық таза энергия көздерін дамытуға мүмкіндік береді.
▪️Сапар барысында тараптар өңірлік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, бірлескен ғылыми-техникалық зерттеулер жүргізу, инновациялық технологияларды енгізу және кәсіпкерлік белсенділікті арттыру бағытындағы нақты қадамдарды талқылады.
▪️Айта кетейік, бұған дейін «Tanshan Huating PoreelainCo 6 LTD» компаниясы мен Ордабасы ауданы әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Келісім аясында әкімдік тарапынан жер телімі бөлініп, тиісті инженерлік және инфрақұрылымдық желілер тартылуда, жобаны сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта кәсіпорынның құрылысы басталып, жобаның іске асырылуы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
▪️Бұл сапар екі ел арасындағы экономикалық және технологиялық байланыстарды тереңдетуге, Түркістан өңірінің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді ашуға және жергілікті кәсіпкерлік пен өндірісті дамытуға бағытталған стратегиялық маңызды қадам болып отыр.
▪️Сапар қорытындысы бойынша тараптар нақты ынтымақтастық жоспарларын бекітіп, алдағы кезеңде бірлескен жобаларды іске асыруға уағдаласты. Сонымен қатар Түркістан делегациясы Қытайда тәжірибе алмасу арқылы өңірде индустриялық парктер мен өндірістік хабтарды дамытуға жаңа идеялар мен технологиялық шешімдерді енгізуді жоспарлап отыр.
