Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІК ӨТІП, 7 МЫҢ ТҮП КӨШЕТ ЕГІЛДІ

Мемлекет басшысының бастамасымен тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Жетісай ауданында ауқымды сенбілік өтті. Іс-шара барысында 7 мыңға жуық түрлі ағаш көшеті егілді.

Ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға арналған сенбілікке мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, жергілікті мәслихат депутаттары, белсенді жастар мен тұрғындар қатысты. Жалпы 2 мыңға жуық адам мен 15 техника жұмылдырылып, санитарлық тазалық жұмыстары қала, кент және барлық ауылдық округтерде арнайы бекітілген кесте бойынша жоғары деңгейде жүргізілді. Мемлекеттік қызметкерлер өздеріне бекітілген аумақтарды, саябақтар мен көшелерді, арық-атыздарды тазаласа, тұрғындар жеке үйіргелік жерлерін, кәсіпкерлер өз кәсіпкерлік нысандарына жапсарлас аумақтарды күл-қоқыстар мен қатты тұрмыстық қалдықтардан тазартып шықты.

Өткен жылы бастау алған бұл бастама аясында Жетісай ауданы бойынша жыл басынан бері 100 мыңға жуық тұрғын мен 280 техника жұмылдырылып, 77 ауқымды сенбілік өткізіліп, тазалық жұмыстары барысында 692 тонна қоқыс тиісті орындарға шығарылған.

Сонымен қатар, аудан әкімдігі Жасыл белдеу қалыптастыру және көгалдандыру жұмыстарын жоспарға сай жүргізуді ұйымдастырып отыр. Осы сенбілік аясында 7 мың түп түрлі ағаш көшеті егілсе, көлік қозғалысына кедергі келтіретін ағаш бұталар қысқартылды, аумақтар абаттандырылды.

Айта кетейік, өткен жылы аудан тұрғындары жиі баратын демалыс орындары, скверлер, парктер мен аллеяларға 23 мың түп туя, сәндік ағаштар, сирень, шынар, қарағаш, қарағай, каштан мен бадам сияқты көшеттер отырғызған еді. Биылғы жылы көгалдандыру жұмыстарының көлемі одан әрі артылып, тағы 30 мың түп ағаш егуді жоспарлаған.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, егілген көшеттердің күтімі тұрақты түрде жүргізілуде: суару, тыңайтқыш беру, шөпті қырқу және зиянкестерден қорғау жұмыстары тиісті бөлімдер мен коммуналдық қызметтер арқылы қамтамасыз етілуде. Бұл шаралар ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға, жасыл желек аумағын ұлғайтуға және тұрғындарға жайлы, таза өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Мұндай жалпыхалықтық сенбіліктер тек табиғатты қорғау мен көгалдандырумен шектелмей, тұрғындардың бірлігін нығайтып, ауданның мәдени және эстетикалық келбетін жақсартуға да елеулі үлес қосады. Алдағы уақытта Жетісай ауданында экологиялық мәдениетті насихаттау, жасыл белдеуді кеңейту және тұрақты сенбіліктер өткізу бойынша жүйелі жұмыстар жалғасын табады.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ ҰЛТТЫҚ ҰЛАННЫҢ ӘСКЕРИ БӨЛІМІНДЕ ҚОРЫТЫНДЫ ТЕКСЕРІС БАСТАЛДЫ

bastynews

ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДАҒЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

Bastynews

Масыл болма, асыл бол!

Bastynews