Түркістан облысы Келес ауданына қарасты Абай ауылында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында заманауи спорт кешені салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, келестіктердің қуанышымен бөлісті.
«Бүгін Келес ауданында қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз. Аймақта заман талабына сай жаңа спорт кешені пайдалануға берілуде. Баршаңызды осы ғимараттың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту мен халықтың денсаулығын нығайтуды басым бағыттардың бірі ретінде айқындап келеді. Президент тапсырмасына сәйкес облыс көлемінде спорт инфрақұрылымын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде өңірімізде жаңа спорт нысандары бой көтеріп, жастардың спортпен тұрақты түрде айналысуына қолайлы жағдай жасалуда», — деді облыс әкімі.
Жаңа кешен «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында салынған және аудан тұрғындарының спортпен айналысуына, кәсіби спортшылардың шеберлігін арттыруға арналған толыққанды инфрақұрылымға ие. Бұл спорттық-сауықтыру кешені ел игілігіне қызмет етіп, жергілікті жастардың салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді.
Спорт кешенінің жобалық құны – 1,8 млрд теңге. Мұнда 250 жанкүйерге арналған жарыс залы, волейбол, баскетбол, күрес, аралас жекпе-жек, бокс залдары қарастырылған. Залдар тек жаттығу өткізуге ғана емес, ірі жарыстар ұйымдастыруға да толық мүмкіндік береді.
▪️ Биыл облыс көлемінде жалпы 102 спорт нысанын салу жоспарланған, оған қажетті қаржы бөлінген. Қазіргі таңда 66 нысанның құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Олардың қатарында ескек есу каналы, бірнеше спорт кешені, спорт залдар мен алаңдары, сондай-ақ футбол манеждері бар.
▪️ Облыста бұқаралық спортты дамыту бағытында халықаралық спорттық сайыстар легі де жалғасуда. Ел намысын қорғап жүрген спортшылардың жетістіктері аймақтың спорт саласындағы беделін арттырып отыр. Түркістан облысында спорт саласына қолдау көрсету, жаңа спорттық нысандар салу және жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау жұмыстары жалғаса бермек.
▪️ Нұралхан Көшеров спорт кешенінің ашылуында: «Жаңа нысаннан бүкіл елдің атын әлемге танытатын Олимпиада және әлем чемпиондары шыға берсін. Спорт саласын дамыту – ұлт денсаулығын нығайту, жас ұрпаққа үлгі көрсету, елдің мәдени және әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету», — деп атап өтті.
