Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев жұмыс сапары барысында Дербісек ауылдық округіндегі ауыл шаруашылығы бағытындағы нысандарды аралап, кәсіпкерлермен кездесті. Сапар барысында өңір басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа жобалардың іске асырылу барысымен танысып, жергілікті кәсіпкерлердің еңбегіне оң баға берді.
Сапар аясында аудан басшысы алдымен «Ақ Дәулет» шаруа қожалығының мал бордақылау алаңына барды. Аталған нысан ет өндіру бағыты бойынша жұмыс істеп, жергілікті тұрғындарға тұрақты жұмыс орындарын ұсынады. Қожалық құрылысы биыл толық аяқталуы жоспарланған, жобаның жалпы құны 50 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда шаруа қожалықта 7 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған, ал болашақта жұмыспен қамту көлемі одан әрі артатын болады.
Сонымен қатар, аудан әкімі «Ауыл аманаты – 2024» жобасы аясында жеке кәсіпкер Б. Әбілқасымовтың жылыжай шаруашылығының жұмысымен танысты. Жылыжай құрылысы 2025 жылдың мамыр айында аяқталып, бүгінде көкөніс өнімдері өсірілуде. Жылыжайдың жылдық өнім көлемі шамамен 45 тоннаға жуық құрап отыр. Өнімдердің негізгі бөлігі ішкі нарыққа жеткізіліп, тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсынылады.
Жылыжайда заманауи суару жүйелері, қоршау, қоршаған ортаны қорғауға арналған технологиялар қолданылған. Бұл кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттырып қана қоймай, ауданның экономикалық дамуына елеулі үлес қосады. Жергілікті жастар мен ауыл тұрғындары осы жылыжайда жұмыс істей отырып, тәжірибе жинап, кәсіби дағдыларын жетілдіру мүмкіндігіне ие болады.
Аудан басшысы Арман Абдуллаев кәсіпкерлерге жаңа жобаларды кеңейту, заманауи технологияларды енгізу, өнім көлемін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар беріп, ауыл шаруашылығы секторын дамыту бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ол жергілікті тұрғындарды ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен көгалдандыру жұмыстарында белсенді қатысуға шақырды.
Бұл шаралар Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді арттыру, жергілікті халықты жұмыспен қамту, және экономикалық дамуды жандандыру бағытындағы маңызды қадам болып отыр. Жыл соңына дейін жылыжайдан алынған өнім көлемін арттыру, жаңа жылыжай нысандарын іске қосу және ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту жоспарлануда.
