Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында өңірлердің экономикалық дамуы мен халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруда туризм, қызмет көрсету және инфрақұрылымдық жобалардың маңыздылығын ерекше атап өтті. Президенттің тапсырмасына сәйкес, елімізде әр аймақтың туристік әлеуетін көтеру, демалыс және сервистік нысандар санын көбейту, жаңа жұмыс орындарын құру бағытында нақты шаралар қолға алынуда.
Осы мақсатта Келес ауданында да бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Қазір аудан көлемінде жалпы құны 21,5 миллиард теңге болатын 5 ірі жоба іске қосылуда. Жобалар іске қосылған соң 1060-тан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады, бұл өңір тұрғындары үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктерді ашып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Биылдың өзінде Келес ауданында бірнеше жаңа нысан ел игілігіне берілді. Соның бірі – аудан орталығындағы қонақ үй кешені. Бұл нысан 2025 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беріліп, қазіргі уақытта өңір тұрғындары мен туристерге қызмет көрсетуде. Қонақ үй кешені заманауи стандарттарға сай жабдықталған, көптеген туристік топтарды қабылдай алады және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. Бұл жоба ауданның туристік әлеуетін арттыруға ғана емес, сонымен қатар кәсіпкерлікті дамытуға да үлес қосады.
Сондай-ақ, демалыс пен отбасылық серуенге арналған «Сапарбеков» демалыс аймағы ашылды. Аталған нысан табиғатпен үйлесімді орналасқан, балалар мен ересектерге арналған ойын алаңдары, спорттық инфрақұрылымдар, демалыс аймақтары қарастырылған. Бұл орын жергілікті тұрғындар үшін әлеуметтік маңызды демалыс орны болумен қатар, туризм саласын дамытуға мүмкіндік береді.
Аудан көлеміндегі ең ірі жобалардың бірі – «Нұрполат» көпбейінді ауруханасы. Жобаның құны 20 миллиард теңге және ол 2025–2026 жылдары толық пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Заманауи медициналық орталық заманауи диагностика, емдеу және хирургиялық қызмет көрсету мүмкіндіктерін қамтиды. Аурухана құрылысы заман талабына сай, барлық санитарлық және техникалық стандарттарға жауап береді. Бұл нысан аудандағы медициналық қызмет көрсетуді жаңа деңгейге көтеріп, халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Аурухана іске қосылған соң, жүздеген медициналық қызметкерлер тұрақты жұмыспен қамтылып, аудан тұрғындары жергілікті жерде кәсіби медициналық көмек ала алады.
Осылайша, Келес ауданында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалар экономикалық өсім, тұрақты жұмыс орындары, туризм мен қызмет көрсету саласын дамытуға, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын арттыруға айтарлықтай үлес қосып отыр. Алдағы жылдары бұл жобалар толығымен іске қосылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа деңгейге көтерілмек.
