2025–2026 оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласында мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтау мәселесі күн тәртібіне шықты. Қала әкімдігі мен білім басқармасының бастамасымен арнайы іс-жоспар бекітіліп, білім беру ұйымдарында бірыңғай тәртіп орнатуға бағытталған жүйелі жұмыстар қолға алынды.
Жаңа оқу жылында қаладағы 62 жалпы орта мектепте (оның ішінде 44-і мемлекеттік, 18-і жекеменшік) жүргізілген мониторинг нәтижесінде 409 оқушының мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтамай жүргені анықталды. Бұл оқушылардың басым көпшілігі мектеп формасына сай келмейтін киім үлгісін, соның ішінде орамал тағып келгені үшін мектепішілік есепке алынды.
Бұл мәселені шешу мақсатында барлық мектептерде профилактикалық кеңестер құрылды. Кеңестің құрамына мектеп қызметкерлері, қалалық білім басқармасының мамандары, учаскелік полиция инспекторлары мен теолог мамандар енгізілді. Олар ата-аналармен кездесулер өткізіп, мектептің ішкі тәртіп ережелері мен бірыңғай форма талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, мектеп формасын сақтамаған оқушылардың нақты тізімі жасалып, олардың ата-аналары туралы мәліметтер жинақталды.
Айта кетерлік жайт, 2021 жылы ашылған «Интеллект» физика-математикалық лицейі бұл талаптарды үлгілі түрде орындап отыр. Лицейде білім алып жатқан 659 оқушының барлығы бекітілген мектеп формасын толық сақтауда. Бұл өзге білім ордаларына үлгі ретінде ұсынылуда.
Жергілікті билік талапты орындамаған ата-аналарға қатысты тиісті шара қолдануды көздеп отыр. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 409-бабының 2-тармағына сәйкес, балаларын мектеп формасына сай киіндірмеген ата-аналарға қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Бұл мақсатта құжаттар Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне жолданатын болады.
Мәселе бұған дейін де назардан тыс қалмаған. 2024–2025 оқу жылында қаладағы 74 мектепте 563 оқушы мектеп формасын сақтамағаны анықталған болатын. Нәтижесінде 326 ата-ананың ісі құзырлы органдарға жолданып, 90 әкімшілік іс қозғалған. Оның ішінде 63 ата-анаға ескерту берілсе, 27 ата-анаға айыппұл салынған.
Мамандардың айтуынша, қабылданып жатқан шаралардың басты мақсаты — жазалау емес, керісінше мектептерде бірыңғай тәртіпті сақтау арқылы оқушылардың тең жағдайда білім алуына мүмкіндік жасау. Бірыңғай мектеп формасы балалар арасындағы әлеуметтік айырмашылықты жасырып, тәртіпті күшейтудің бір тетігі ретінде қарастырылуда. Сонымен қатар, бұл талаптың орындалуы білім беру мекемелеріндегі тәрбиелік жұмыстың нәтижелілігін арттыруға ықпал етпек.
Білім беру саласының өкілдері ата-аналарды мектеппен тығыз қарым-қатынас орнатып, қойылған талаптарға түсіністікпен қарауға шақыруда. Жаңа оқу жылы мектеп формасын сақтау талаптарының күшейтілуімен ерекшеленетін болады. Бұл – тек мектеп әкімшілігінің емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
