Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы (ОҚМА) шетелдік серіктестік байланыстарды нығайту және халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіне интеграциялану мақсатында ауқымды іс-шаралар жүргізіп келеді. Осы бағыттағы маңызды оқиғалардың бірі — Израильдің астанасы Иерусалим қаласындағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі саналатын Еврей Медицина Университетінің денсаулық сақтау магистрі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Хаимов Александр Михайловичтің академияға ресми сапары болды.
Сапар барысында мәртебелі қонақ алдымен академияның инфрақұрылымымен, оқу-ғылыми үдерістерімен және инновациялық жетістіктерімен танысты. Профессор ОҚМА тарихынан сыр шертетін мұражайға арнайы барып, білім ордасының қалыптасу кезеңдеріндегі маңызды белестер мен жетістіктерді қызығушылықпен тамашалады. Сонымен қатар, оқу корпустары мен заманауи зертханаларды аралап, студенттер мен жас ғалымдарға жасалған материалдық-техникалық базаға жоғары бағасын берді.
Сапардың маңызды кезеңдерінің бірі — профессор Хаимов пен академия студенттері және оқытушы-профессорлық құрамының қатысуымен өткен ресми кездесу болды. Жылы жүздесу форматында өткен бұл жиында Хаимов Александр Михайлович өзінің Қазақстанда дүниеге келіп, Қарағанды мемлекеттік медициналық университетін тәмамдағанын ерекше ілтипатпен атап өтті. Бұл жайт академия ұжымына ерекше әсер қалдырды, себебі профессордың кәсіби жолы — отандық медициналық білім мен халықаралық тәжірибенің өзара тоғысқан жарқын мысалы.
Кездесу барысында спикер Иерусалимдегі Еврей Медицина Университетінің стоматология факультетінің құрылымы, академиялық бағдарламалары, ғылыми зерттеу бағыттары мен клиникалық тәжірибе мүмкіндіктері туралы кеңінен баяндады. Атап айтқанда, университеттің dual-degree бағдарламалары, академиялық ұтқырлық (academic mobility), бірлескен ғылыми зерттеулер (joint research projects), ғылыми жарияланымдар (scientific publications) мен интернационалдандыру стратегиясы (internationalization strategy) сынды бағыттардағы жетістіктері көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамытудың нақты жолдарын қарастырды. Атап айтқанда, академиялық ұтқырлық аясында профессорлар мен студенттер алмасуы, бірлескен ғылыми конференциялар ұйымдастыру, халықаралық гранттық жобаларға қатысу және цифрлық медицинаның (digital health) өзекті мәселелерін зерттеу бағыттары талқыланды. Сонымен қатар, болашақта бірлескен магистрлік және PhD бағдарламаларын іске қосу туралы бастамалар көтерілді.
Бұл кездесу ОҚМА үшін халықаралық деңгейдегі беделді серіктестермен өзара іс-қимылды тереңдету жолындағы маңызды қадам болып табылады. Ғылым мен білім саласындағы трансшекаралық әріптестік академияның стратегиялық даму мақсаттарына толық сай келеді және болашақ медицина мамандарын даярлау сапасын арттыруға бағытталған.
