Ақпарат

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – ЗАМАНАУИ ҒЫЛЫМНЫҢ СЕРІГІ: ZHANIBEKOV UNIVERSITY-ДЕ ӨТКЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРІС

Zhanibekov University қабырғасында өткен ерекше академиялық іс-шарада Үндістанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Джавахарлал Неру университетінің (Jawaharlal Nehru University) профессоры Манжу Хари студенттер мен жас ғалымдарға арнап мазмұнды дәріс оқыды. Баяндама «Жасанды интеллект құралдары ғылыми-зерттеу жұмыстарын жазуда төңкеріс жасайды» (AI-powered tools as a paradigm shift in academic research) деген өзекті тақырыпты қамтыды.

Дәріс барысында профессор қазіргі ғылым мен білім беру жүйесінде қарқынды дамып келе жатқан жасанды интеллект (Artificial Intelligence – AI) технологияларының рөліне кеңінен тоқталды. Ол дәстүрлі ғылыми зерттеулердің кезеңдерін – әдебиеттерді шолу (literature review), деректерді жинау (data collection), оларды өңдеу және талдау (data processing & analysis), ғылыми мақалалар жазу (paper writing) және баспаға дайындау (submission process) секілді сатыларын атап өтіп, бұл процестердің көп жағдайда көп уақыт пен ресурсты талап ететінін, әрі адами қателіктерге жиі ұшырайтынын алға тартты.

Профессор Манжу Хари ЖИ-ге негізделген құралдардың бұл процестерді түбегейлі өзгертіп жатқанын нақты мысалдар арқылы дәлелдеді. Мәселен, машиналық оқыту (machine learning) мен табиғи тілдерді өңдеу (Natural Language Processing – NLP) технологияларының көмегімен әдебиеттерді интеллектуалды іздеу (intelligent literature search), деректерді автоматты түрде құрылымдау (automated data structuring), зерттеу нәтижелерін визуализациялау (data visualization) және академиялық жазылымды өңдеу (academic writing assistance) едәуір оңтайландырылып отыр. Бұл өз кезегінде ғылыми мақала жазуға кететін жалпы уақытты шамамен 40%-ға қысқартып, зерттеудің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Баяндаманың маңызды аспектілерінің бірі – ЖИ қолдану кезіндегі этикалық стандарттарға қатысты болды. Профессор зерттеу деректерінің құпиялылығы (data privacy), авторлық құқықтың сақталуы (intellectual property integrity), сондай-ақ алгоритмдердегі ықтимал біржақтылық (algorithmic bias) мәселелеріне ерекше тоқталып, ғылыми ортада ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын ұстанудың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, спикер жас зерттеушілер үшін ЖИ сауаттылығының (AI literacy) қажеттілігін баса айтты. Қазіргі заман зерттеушісі тек өз саласының маманы болып қана қоймай, заманауи технологиялармен жұмыс істеудің негізгі дағдыларына да ие болуы қажет. Үздіксіз кәсіби даму (continuous professional development – CPD) және цифрлық құзыреттіліктер (digital competencies) академиялық ортада бәсекеге қабілетті болудың негізгі көрсеткіштерінің біріне айналуда.

Дәріс соңында профессор Манжу Хари жасанды интеллектті ғылыми серіктес ретінде қабылдау қажеттігін айтты. ЖИ – тек процесті жылдамдататын құрал емес, сонымен қатар шығармашылық пен инновацияны (creativity & innovation) дамытатын, жаңа идеялардың туындауына ықпал ететін катализатор. Болашақта ғылыми жаңалықтардың, пәнаралық зерттеулердің (interdisciplinary research) және академиялық серіктестіктің дамуында жасанды интеллект шешуші рөл атқаратынына сенім білдірді.

Қатысты жаңалықтар

ОТЫРАРДА АРДАГЕРЛЕР ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ ЖАЙЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

bastynews

ЕҢБЕКТЕН АЛЫСТАУ МАСЫЛДЫҚТЫ АРТТЫРАДЫ

Bastynews

Алдағы уақытта мұғалімдердің жалақысы қалай өзгереді?

Bastynews