Жаңалықтар

«MAMANDYQ FEST»: ШЫМКЕНТТІК СТУДЕНТ ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТЫ ДӘРІПТЕГЕНІ ҮШІН МАРАПАТТАЛДЫ

Тараз қаласында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында сән және киім дизайны бағыттары бойынша халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шара – «Mamandyq Fest» байқауы өтті.

Байқау аясында «Сән технологиясы», «Киім дизайны», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандықтары бойынша білім алып жатқан жас мамандар өздерінің кәсіби шеберліктерін, шығармашылық қабілеттерін және ұлттық нақыштағы заманауи киім үлгілерін көпшілік назарына ұсынды. Іс-шараға Қазақстанның түрлі өңірлерінен және шетелдік әріптес оқу орындарынан келген барлығы 24 қатысушы қатысты.

Байқаудың басты мақсаты – қазіргі қоғамда «Еңбек адамы» бейнесін қалыптастыру, техникалық және кәсіптік білім беруді насихаттау, сонымен қатар сән индустриясы саласындағы кәсіби ынтымақтастықты дамыту болды.

Жастардың шығармашылық әлеуетін қолдап, олардың еңбек нарығына бейімделуіне ықпал ететін мұндай байқаулар мамандық мәртебесін арттыруда, тәжірибе алмасуда және кәсіби өсуге мотивация беруде ерекше рөл атқарады.

Аталған байқауда Шымкент қаласындағы «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің» студенті Мұхтарқызы Алтынай ерекше көзге түсіп, жүлделі орынға ие болды. Оның дайындаған заманауи киім топтамасы ұлттық нақыштағы элементтерімен ерекшеленіп, қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаға ие болды.

Алтынайдың жұмысы ұлттық дәстүр мен қазіргі заманғы сән үрдістерінің үйлесім таба білгенін дәлелдеді. Осы еңбегі үшін ол арнайы «Заманауи киімде ұлттық дәстүрді сақтағаны үшін» номинациясымен марапатталып, дипломға ие болды.

«Mamandyq Fest» байқауы – жас дизайнерлерге өзіндік қолтаңбасын қалыптастыруға, кәсіби қоғамдастықта танылуға және халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Байқау барысында қатысушылар шеберлік сабақтарына қатысып, отандық және шетелдік мамандармен пікір алмасты.

Сонымен қатар, іс-шара барысында сән индустриясына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, дуальды оқыту, кәсіпорындармен әріптестік орнату және жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатудың маңыздылығы атап өтілді.

«Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі» ұжымы студенттерінің осындай жетістіктері оқу орнының сапалы білім беруге және болашақ кәсіби мамандарды даярлауға бағытталған жүйелі жұмысының нәтижесі екенін ерекше атап өтті.

Алтынайдың жетістігі – жастардың бойындағы дарын мен еңбектің ұштасуының айқын дәлелі. Бұл марапат болашақ дизайнерлерге шабыт сыйлап, отандық сән индустриясының дамуына өз үлесін қосатынына сенім мол.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙЛЫҚ ТҰРҒЫН ПЛАСТИКАЛЫҚ ҚАЛДЫҚТАН КОМБАЙНҒА АСА ҚАЖЕТТІ БӨЛШЕКТЕР ШЫҒАРАДЫ

Bastynews

Д.САТЫБАЛДЫ: “АУЫЛДАРДЫ ӨРКЕНДЕТУГЕ КҮШ САЛАМЫЗ”

Bastynews

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы өкілдері аудан тұрғындарымен кездесті

bastynews