Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ағылшын тілі кафедрасында Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясы, Сиань қаласынан келген PhD, профессор Hou Jianbo студенттерге арналған ғылыми-тәжірибелік семинар өткізді. Іс-шара академиялық жазылым мәдениетін дамытуға, ғылыми зерттеулер жүргізудегі практикалық машықтарды жетілдіруге және халықаралық білім беру тәжірибесін интеграциялауға бағытталды.
Семинар барысында профессор Hou Jianbo академиялық жазылым бойынша өз тәжірибесімен бөлісіп, ғылыми мәтін құрылымының негізгі компоненттеріне тоқталды. Атап айтқанда, кіріспе бөлімді (introduction), әдебиетке шолу (literature review), әдіснама (methodology), нәтижелер мен оларды талдау (results and discussion), қорытынды (conclusion), дереккөздер тізімі (references) сынды академиялық құрылымдар аясында жұмыс жүргізудің тиімді тәсілдері қарастырылды.
Сондай-ақ, ғылыми жазба жұмыстары барысында сақталуы тиіс академиялық адалдық принциптері, атап айтқанда плагиатты болдырмау (plagiarism avoidance), дәйексөз беру ережелері (citation styles), ғылыми этика (research ethics), ғылыми тілді дұрыс қолдану мәселелері талқыланды. Профессор тыңдаушыларға халықаралық стандарттарға сәйкес APA, MLA және Chicago сияқты сілтеме форматтарын дұрыс қолданудың маңыздылығын нақты мысалдармен көрсетті.
Семинардың практикалық бөлімінде қатысушыларға зерттеу мақсатын нақтылау, зерттеу сұрағын (research question) құрастыру, гипотеза жасау, деректерді жинау және өңдеу, нәтижелерді интерпретациялау және визуализациялау (data visualization) бойынша тапсырмалар ұсынылды. Бұл өз кезегінде студенттердің сыни ойлау (critical thinking), ғылыми талдау (scientific reasoning) және академиялық тілді меңгеру дағдыларын дамытуға ықпал етті.
Іс-шара барысында профессор Hou Jianbo заманауи ғылыми коммуникация құралдарын қолданудың маңыздылығына назар аударды. Атап айтқанда, ғылыми мақалаларды халықаралық рецензияланатын басылымдарда жариялау, Scopus, Web of Science, Google Scholar базаларында индекстелетін журналдармен жұмыс істеу жолдары қарастырылды. Сонымен қатар ғылыми зерттеу нәтижелерін конференциялар, семинарлар мен симпозиумдар арқылы таныстыру, зерттеу жобаларын гранттық қаржыландыруға дайындау аспектілері талқыланды.
Осындай халықаралық деңгейдегі кездесулер университет студенттерінің зерттеу мәдениетін қалыптастыруға, олардың ғылыми әлеуетін дамытуға және жаһандық академиялық ортаға интеграциялануына үлкен серпін береді. Бұл семинар – университеттің білім беру мазмұнын интернационализациялау, инновациялық педагогикалық тәжірибені енгізу, сондай-ақ сапалы кадр даярлаудағы стратегиялық қадамдарының нақты көрінісі.
Семинар соңында профессор Hou Jianbo студенттермен еркін форматтағы пікір алмасу өткізіп, олардың академиялық сұрақтарына жауап берді. Қатысушылар тарапынан семинарға жоғары қызығушылық танытылып, профессорға алғыс білдірілді. Алдағы уақытта да осы бағыттағы халықаралық ғылыми-практикалық кездесулердің жалғасын табуы жоспарлануда.
