Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде халықаралық ғылыми-академиялық байланысты нығайту бағытында жаңа бастама қолға алынды. Университетке Үндістанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі — Джавахарлал Неру Университетінің профессоры, PhD доктор Манжу Кхари арнайы шақыртумен келді. Ол алдағы уақытта университеттің магистранттары мен докторанттарына арналған бірқатар пәндер бойынша дәрістер өткізеді.
Профессор Манжу Кхари ақпараттық қауіпсіздік, жасанды интеллект, деректер базасын басқару жүйесі, ғылыми зерттеу әдістері мен академиялық жазылым бойынша сабақтар жүргізіп, тыңдаушылардың теориялық білімін арттырумен қатар, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге ықпал етпек. Сонымен қатар, профессор университеттің профессор-оқытушылар құрамына арналған ғылыми-әдістемелік семинарлар ұйымдастыруды да жоспарлап отыр. Бұл семинарлар заманауи технологиялар саласында білімін тереңдеткісі келетін оқытушылар үшін үлкен мүмкіндік болмақ.
Жоғары технологиялар қарқынды дамып келе жатқан бүгінгі таңда Үндістанның білім беру жүйесі, әсіресе IT, бағдарламалау, жасанды интеллект және зерттеу әдіснамалары салаларында озық үлгілердің біріне айналып отыр. Осыған орай профессор Манжу Кхаридің халықаралық деңгейдегі тәжірибесі мен ғылыми әлеуетін Жәнібеков университетінің білім беру және ғылыми-зерттеу процестеріне тиімді енгізу көзделуде. Бұл – оқу орны үшін жаңа бағыттағы серпінді қадам.
Университетке келген шетелдік ғалымды басқарма төрағасы-ректор міндетін уақытша атқарушы Әлібек Нұртаев ресми түрде қабылдап, ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. Кездесуге университеттің басқарма мүшелері мен жауапты құрылым басшылары қатысты. Басқосу барысында екіжақты ғылыми және білім беру саласындағы әріптестікті одан әрі дамыту, соның ішінде университетаралық келісімдер жасау, бірлескен жобалар әзірлеу және жасанды интеллект бағытында кадрлар даярлау мәселелері қаралды.
Тараптар жоғары технологиялар, жасанды интеллект, Big Data, блокчейн және смарт жүйелер сияқты инновациялық салаларда сапалы адами капиталды қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Бұл бағытта университет тарапынан профессор Манжу Кхаримен бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, стартап жобалар әзірлеу және халықаралық гранттық бағдарламаларға қатысу жоспарланып отыр.
Осылайша, университеттің білім беру кеңістігіне шетелдік мамандарды тарту арқылы білім сапасын көтеру, студенттердің кәсіби әлеуетін арттыру және оқытушылар құрамының ғылыми ізденісін жандандыру көзделуде. Бұл бастама Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында атап көрсетілген білім сапасын арттыру және еліміздің дамуына үлес қоса алатын шетелдік білікті мамандарды тарту тапсырмасымен үндеседі.
Үндістандық профессордың университет қабырғасында жұмыс істеуі Жәнібеков университетінің халықаралық әріптестік аясын кеңейтіп қана қоймай, білім мен ғылымды интеграциялау, инновациялық жобаларды дамыту, сондай-ақ заманауи технологияларды оқу процесіне тиімді енгізу ісіне жаңа серпін береді. Бұл өз кезегінде университеттің стратегиялық даму мақсаттарына жету жолындағы маңызды қадам болып табылады.
