Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде бірінші курс студенттеріне арналған академиялық адалдық мәселелеріне қатысты ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өткізілді. Кездесудің басты мақсаты – жас буынға білім алу барысында адалдық пен парасаттылық қағидаттарын ұстанудың маңызын түсіндіру және академиялық мәдениетті қалыптастыру болды.
Іс-шара барысында университеттің комплаенс-офицері Қайрат Амитов академиялық адалдықтың мәнін кеңінен түсіндіріп, бұл ұғымның жоғары білім беру жүйесіндегі орны мен рөліне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, академиялық адалдық – бұл білім беру жүйесінің іргетасы, ал парасаттылық – болашақ маманның тұлғалық қасиеті мен кәсіби мәдениетінің айнасы. Адал оқу мен ғылыми әділдікке сүйене отырып білім алған студенттер болашақта сенімге ие, жауапкершілікті сезінетін білікті маман болып қалыптасады.
Кездесу барысында комплаенс-офицер студенттерге оқу процесінде адалдықты сақтау талаптары туралы нақты ақпарат берді. Атап айтқанда, студенттердің барлық оқу тапсырмаларын өз бетінше орындауы қажеттігі, көшіру мен плагиатқа жол берілмейтіні, ғылыми нәтижелерді қолдан жасауға үзілді-кесілді тыйым салынатыны түсіндірілді. Сонымен қатар, бағалау кезінде сыйлық беру, ақша немесе басқа да материалдық алғыс білдіру әрекеттері академиялық этика нормаларына қайшы келетіндігі және мұндай әрекеттерге университет тарапынан қатаң шаралар қолданылатыны ескертілді.
Білім алушылар арасында академиялық адалдық мәдениетін қалыптастыру мақсатында университеттің бас ғимаратында арнайы комплаенс-офицер стенді орнатылған. Бұл стендте офицердің аты-жөні, кабинеті, байланыс деректері және студенттердің тікелей хабарласуына мүмкіндік беретін QR-код көрсетілген. Мұндай ашық әрі қолжетімді байланыс жүйесі академиялық адалдықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Іс-шара соңында барлық қатысушы студенттер академиялық адалдық пен парасаттылық антын қабылдап, білім алу барысында әділдік, жауапкершілік, өзара құрмет және академиялық мәдениет қағидаттарын қатаң ұстануға серт берді. Бұл бастама – университет ұжымы мен студенттер қауымдастығы арасындағы сенім мен ынтымақтастықтың айқын көрінісі.
Университет басшылығы алдағы уақытта да білім сапасын арттыру, академиялық ортада әділдік пен адалдықты дәріптеу, сондай-ақ студенттер арасында парасаттылық құндылықтарын кеңінен насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді. Академиялық адалдық – тек жеке тұлғаның емес, тұтас қоғамның даму көрсеткіші. Сондықтан бұл құндылықтарды сақтай отырып білім алу – әр студенттің азаматтық борышы.
