Жаңалықтар

Ө.ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТТЕ STEM ЖОБАЛЫҚ ОҚЫТУ БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚАТЫСҚАН СТУДЕНТТЕРГЕ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ СЕРТИФИКАТТАР ТАБЫСТАЛДЫ

Ө.Жәнібеков атындағы университет қабырғасында ерекше әрі маңызды оқиға өтті. STEM жобалық оқыту бағдарламасына қатысқан 4-курс студенттеріне салтанатты түрде сертификаттар табысталды. Аталған бағдарлама бір семестр бойы жүргізіліп, оған университеттің болашақ химия, биология, физика және информатика пәндерінің мұғалімдері белсенді қатысты.

STEM (Science, Technology, Engineering, Mathematics) жобалық оқыту бағдарламасының басты мақсаты – студенттердің пәнаралық байланыстар негізінде ғылыми мәселелерді кешенді түрде шешу дағдыларын қалыптастыру. Бағдарлама барысында студенттер нақты өмірлік мәселелерді шешу үшін әртүрлі ғылым салаларын біріктіріп, шығармашылық және зерттеушілік жұмыстармен айналысты. Бұл үдеріс оларды жобалық ойлау, топтық жұмыс, зерттеу жүргізу және нәтижені дұрыс ұсыну секілді маңызды дағдыларға үйретті.

Бағдарлама жетекшісі – педагогика ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Әбдірахманова Хадиша Құдайбергенқызының айтуынша, бұл бастама студенттердің кәсіби дамуына үлкен серпін беріп, білім беру саласында заманауи тәсілдерді меңгеруіне ықпал етті. Оның айтуынша: «Бүгінгі мұғалім тек өз пәнінің білгірі ғана емес, сонымен қатар оқушыларды бірлескен жобалық жұмысқа жұмылдыра алатын, оларды креативті ойлауға, зерттеуге және ғылымға баули алатын жетекші болуы тиіс. Бұл бағдарлама дәл осы мақсаттарға жетуге бағытталған.»

Бағдарлама аясында студенттер экологиялық мәселелерден бастап, заманауи технологияларды білім беруде қолдануға дейінгі кең ауқымды жобалар дайындап, оларды қорғай білді. Топтық жұмыстар барысында әр мамандық иесі өз үлесін қосты: болашақ химиктер мен биологтар табиғи құбылыстарды ғылыми тұрғыдан зерттесе, физиктер мен информатиктер алынған мәліметтерді модельдеп, нақты нәтижелер шығарды. Бұл – пәнаралық ықпалдастықтың айқын көрінісі.

Сертификаттар табыстау рәсімі жылы және әсерлі атмосферада өтті. Студенттер өз еңбектерінің лайықты бағаланғанына қуанып, алған тәжірибелерінің болашақ педагогикалық қызметінде үлкен рөл атқаратынын ерекше атап өтті.

Университет ректоры, профессорлар мен оқытушылар құрамы студенттерді құттықтап, оларға шығармашылық табыс, кәсіби биік белестер мен үздіксіз даму тіледі.
Бұл сертификаттар – тек бір бағдарламаның аяқталғанының белгісі ғана емес, болашақ мұғалімдердің жаңа форматтағы оқытуға деген дайындықтарының айқын көрінісі.

STEM жобалық оқыту – болашақ мұғалімдерге ғылым мен техниканың тоғысында жаңа білім кеңістігін ашуға мүмкіндік беретін, заманауи талаптарға сай білім берудің тиімді жолы. Университет ұжымы осындай бағдарламалар арқылы еліміздегі педагог кадрларды даярлау жүйесіне тың серпін беруді көздейді.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТТІК ПЕДАГОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҰСТАЗЫ

bastynews

В Шымкенте прошли учения по гражданской защите «Қыс-2025»

bastynews

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ 633 ЖАС ТҰРҒЫНЫ 2,5 ПАЙЫЗДЫҚ НЕСИЕ АЛУҒА ҚҰЖАТ ТАПСЫРҒАН

Bastynews