Ақпарат

АКАДЕМИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ПЕН ЦИФРЛЫҚ БІЛІМГЕ ҚАДАМ: ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕГІ БІРІНШІ КУРС СТУДЕНТТЕРІНЕ АРНАЛҒАН ИНТЕГРАЦИЯЛЫҚ СЕМИНАР

Үшінші мегаполис саналатын Шымкент қаласындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде 2025-2026 оқу жылының бірінші курс студенттеріне арналған интеграциялық семинар өтті. Іс-шараның басты мақсаты — жоғары білім беру жүйесіне жаңадан қадам басқан білім алушылардың академиялық және кәсіби әлеуетін дамытуға бағытталған теориялық және практикалық бағыттармен таныстыру.

Семинар барысында студенттерге жоғары оқу орнындағы оқу процесінің мазмұны мен құрылымы, кредиттік-модульдік білім беру технологиясының тиімділігі, академиялық адалдық қағидаттары, цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңінен түсіндірілді. Бұл бастама студенттердің саналы көзқарасын қалыптастыруға және болашақ кәсіби даярлығына іргетас қалауға бағытталды.

Академиялық істер жөніндегі проректор Жанбол Жылбаев өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған цифрлық трансформация мен білім беру жүйесіндегі инновациялық серпілістерге тоқталып, университеттегі білім беру бағдарламалары арқылы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект негіздерін меңгеру студенттер үшін стратегиялық басымдыққа айналуы тиіс екенін атап өтті.

Семинар аясында университеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-офицері Қайрат Амитов академиялық адалдық қағидаттарының құқықтық және этикалық аспектілерін түсіндіріп, бұл ұстанымдардың тек оқу үдерісінде ғана емес, жалпы кәсіби өмірде маңызды екендігін нақты мысалдар арқылы көрсетті. Сонымен қатар академиялық істер департаментінің басшысы Дәулетбай Бердалиев студенттерге арналған ішкі нормативтік құжаттармен, университет сайты арқылы қолжетімді академиялық ресурстармен таныстырып, кредиттік жүйенің икемділігі мен дербестікке негізделген артықшылықтарына тоқталды.

Цифрлық білім беру мен қаржылық сауаттылық мәселелері де назардан тыс қалмады. Оқу процесінің цифрлық және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гүлмира Есентөреева студенттердің заманауи цифрлық ортада еркін әрекет ете білуіне қажетті негізгі цифрлық құзыреттер мен дербес даму траекториясын қалыптастыруға ықпал ететін EdTech құралдары туралы кеңінен айтып өтті. Әсіресе жасанды интеллект негізіндегі онлайн-курстар мен білім беру платформаларының болашақ кәсіби жетістіктерге қосар үлесі ерекше атап өтілді.

Семинарға қатысқан білім алушылар университет өмірінің мәдениетімен, құқықтық негіздерімен, оқу-әдістемелік және цифрлық инфрақұрылымымен танысты. Ашық пікір алмасу алаңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сарапшылар тарапынан нақты әрі жан-жақты жауаптар алды.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ КҮШТЕР БІРІКТІ

bastynews

НАУҚАСТАРҒА ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ

Bastynews

Кентау қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен этносаралық татулықты нығайту мақсатында Кентау қалалық емханасында кездесу өтті.

bastynews