Соңғы жаңалықтар

ҮШІНШІ МЕГАПОЛИС БІЛІМ АЛУШЫ БАЛАЛАРЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА БАҒЫТТАЛҒАН ҚАДАМ: МЕКТЕПТЕРДЕ ТЕГІН СТОМАТОЛОГИЯЛЫҚ КАБИНЕТТЕР АШЫЛАДЫ

Мектеп оқушыларының ауыз қуысы саулығына бағытталған маңызды қадам – Шымкент қаласының білім беру ұйымдарында тегін стоматологиялық кабинеттердің ашылуы. Бұл бастама ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде іске асып отыр.

Үшінші мегаполис саналатын Шымкентте алғаш рет оқушылардың стоматологиялық профилактикасын күшейту мақсатында 1000 және одан да көп оқушысы бар мектептерге стоматологиялық кабинеттер ашу жоспарланды. Аталған жоба 2025 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізіледі.

Алғашқы кезеңде қаладағы 25 мектепте кабинет ашу көзделуде. Бұл білім ордалары оқушылар саны мен медициналық қызметтің қажеттілігі ескеріліп таңдалды. Жобаның мақсаты – балалардың 90%-дан астамын стоматологиялық тексеруден өткізу, ауыз қуысы ауруларының алдын алу және гигиеналық білім деңгейін арттыру.

Стоматологиялық кабинеттерде ұсынылатын қызметтер:

  • Ауыз қуысының профилактикалық тексерісі;
  • Гигиеналық оқыту және дағдыларды қалыптастыру;
  • Қажеттілікке қарай стоматолог-дәрігерге немесе ортодонтқа жолдау;
  • Тіс ауруларын ерте кезеңде анықтау және емдеуге бағыттау.

Барлық қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (ОСМС) жүйесі аясында тегін ұсынылады. Кабинеттер жергілікті емханалардың білікті стоматологтары мен гигиенистерінің қатысуымен жұмыс істейді. Жобаны іске асыру үшін қажетті жабдықтар мен медициналық құрал-жабдықтар сатып алынуда.

Сала мамандарының пікірінше, бала жастан бастап ауыз қуысына күтім жасаудың маңыздылығын түсіндіру – болашақтағы күрделі стоматологиялық мәселелердің алдын алудың тиімді жолы.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас стоматологы Сауле Есенбаева атап өткендей: «Мысалы, ауытқыған прикус байқалған балалар ортодонт маманға, ал кариес, пульпит секілді аурулары бар балалар емдеуге жіберіледі. Бұл – ерте кезеңде патологияны анықтап, дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді».

Ал тәжірибелі дәрігер Отажан Абдураимов өз сөзінде: «Кариестің емделмеуі – пульпитке, пародонтитке, тіпті тістің жойылуына алып келеді. Бұл жағдайлар прикус бұзылысына әкеліп соғады. Сондықтан бала жасынан бастап профилактикалық жұмыс қажет».

Қазіргі таңда еліміз бойынша бар болғаны 145 мектептік стоматологиялық кабинет жұмыс істейді. Бұл жалпы қажеттілікпен салыстырғанда жеткіліксіз. Сондықтан аталған жоба Шымкент қаласында ғана емес, республика көлемінде өзектілігі жоғары қадам болып табылады.

Мектеп оқушыларына бағытталған бұл жаңа бастама – тек медициналық қызмет көрсету емес, сонымен қатар денсаулық сақтау мен білім беру жүйесінің тиімді интеграциясы. Бұл – салауатты ұлт қалыптастыруға бағытталған стратегиялық шешім.

Шымкент қаласының білім беру ұйымдары мен медициналық мекемелері бірлесе отырып, жобаның сәтті жүзеге асуына барлық қажетті жағдайларды жасауда. Қаланың мектептері балалардың денсаулығына басымдық беретін жаңа форматтағы қызметті енгізуге дайын.

Қатысты жаңалықтар

112 CAII-ОРТАЛЫҚҚА ТӘУЛІГІНЕ 2 МЫҢНАН АСТАМ ШАҚЫРТУ ТҮСУДЕ

Bastynews

Қырғызстан билігі Садыр Жапаровтың қолына өтті

Bastynews

ЖҰҚПАЛЫ АУРУҒА ШАЛДЫҚҚАН НАУҚАСТАРДЫҢ САНЫ АЗАЮДА

Bastynews