Жаңалықтар Қоғам

БОЛАШАҚ ПЕДАГОГТАРДЫҢ ПРАКТИКАЛЫҚ ДАЙЫНДЫҒЫ ЖАҢА ФОРМАТТА ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің 3-курс білім алушылары 2025 жылдың 2-қыркүйегінен бастап академиялық оқу үдерісімен қатар, аптасына екі күндік педагогикалық тәжірибеге жіберілді. Бұл бастама – педагогикалық кадрларды даярлаудағы жаңа әдіснамалық трансформацияның айқын көрінісі.

Орнықтыру конференциясы – болашақ педагогтардың кәсіби әлеуетін қалыптастыруға бағытталған маңызды алаң ретінде өтті. Конференция барысында студенттерге педагогикалық практиканың мақсат-міндеттері мен кезеңдері таныстырылып, заманауи мектеп кеңістігіндегі жұмыс форматы мен кәсіби талаптар жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, білім алушылардың педагогикалық құзыреттілігін дамытуға арналған әдістемелік ұсыныстар ұсынылды.

Университеттің басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор, PhD Жанбол Жылбаев өз сөзінде:

«Педагогикалық практика – теориялық білім мен практикалық тәжірибені интеграциялай отырып, болашақ мұғалімнің кәсіби дағдыларын жүйелі түрде қалыптастыратын шешуші кезең. Университетіміздің басты миссиясы – еңбек нарығы мен қоғам сұранысына сай, креативті ойлайтын, жауапты әрі бәсекеге қабілетті педагогтерді даярлау. Практика барысында студенттер мектептегі нақты педагогикалық процестің бөлшегіне айналып, білім беру экожүйесінде өзіндік рөлін сезінеді», – деді.

Педагогикалық практика – студенттердің кәсіби-әлеуметтік бейімделуіне мүмкіндік беретін маңызды құрал. Бұл үдеріс олардың білім беру ұйымдарының мәдени-әлеуметтік кеңістігіне енуін, командалық жұмысты меңгеруін, мектеп қауымдастығымен тиімді әрекеттесу қабілетін арттыруды көздейді.

Конференция жұмысына университеттің академиялық департаменті директоры, факультет декандары, кафедра меңгерушілері, тәжірибе жетекшілері, әдіскер-педагогтер мен психолог мамандар қатысты. Олар білім алушыларға мектептің оқу-тәрбие үдерісіндегі кәсіби рөлді сезіну мен оны жүзеге асырудағы негізгі әдістемелік және этикалық ұстанымдар туралы нақты түсінік берді.

Бүгінгі таңда университеттің 1900-ден астам студенті Шымкент мегаполисіндегі 80-ге жуық білім беру ұйымына педагогикалық практикаға орналастырылды. Бұл – болашақ мамандардың нақты кәсіби ортада бейімделуіне, цифрлық білім беру ресурстарын тиімді қолдану дағдыларын дамытуға, инклюзивті және құндылыққа негізделген педагогикамен терең танысуына жол ашады.

Университет білім беру саласындағы жаңа трендтерді ескере отырып, педагогикалық практиканы нәтижелі ұйымдастыру арқылы кәсіби қалыптасу үдерісін жеделдетуге, сапалы мұғалімдер корпусын даярлауға жүйелі қадам жасауда.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ДЕПУТАТ ҚАЗЫҒҰРТТАҒЫ ҚОС МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫНА БАҚЫЛАУ ЖАСАДЫ

Bastynews

«ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕГІ БЕТБҰРЫС» ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР-КЕЗДЕСУ ӨТТІ

bastynews

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БІР ЖЫЛДА ХАЛЫҚ САНЫ 31,6 МЫҢ АДАМҒА ӨСТІ

Bastynews