Бүгінгі жаһандық білім мен мәдениет кеңістігінде кітапханалар – тек ақпарат сақтайтын орын ғана емес, қоғамды дамытатын маңызды рухани және зияткерлік орталыққа айналуда. Осы орайда, 2025 жылғы 18-22 тамыз аралығында еліміздің бас шаһары – Астанада тұңғыш рет халықаралық деңгейдегі аса ауқымды шара – IFLA WLIC-тің 89-шы Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгресі өтті. «Білімді біріктіріп, болашақты қалыптастырамыз» тақырыбында өткен бұл форум – кітапхана ісіндегі жаһандық қауымдастықты біріктірген, жаңа идеялар мен заманауи тәжірибелерге жол ашқан маңызды алаң болды.
Конгреске әлемнің 114 елінен 1600-ден астам делегат жиналды. Олардың қатарында кітапхана саласының білікті мамандары, ғалымдар, ақпараттық технологиялар саласындағы сарапшылар мен халықаралық ұйым өкілдері бар. IFLA ұйымының қазіргі президенті, Квисленд мемлекеттік кітапханасының (Аустралия) бас директоры Вики Макдональд бастаған әлемдік делегация Қазақ еліне арнайы келіп, Орталық Азия мен ТМД кеңістігінде алғаш рет өтіп отырған бұл тарихи іс-шараның маңызын айқындап берді.
Қазақстан тарапынан ұйымдастырылған салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Тілектес Ешенқұлов, IFLA президенті Вики Макдональд және ҚР ЖОО кітапханалар қауымдастығының президенті Гүлнар Иржанова қатысып, қатысушыларға сәттілік тілеп, конгрестің ашық әрі мазмұнды өтуіне тілектестік білдірді.
Халықаралық форумда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің де өкілі белсенділік танытты. Ақпараттық білім беру орталығының директоры Сауырбаева Индира Қабланқызы кітапханалар арасындағы ынтымақтастықты дамыту бағытында бірқатар бастамаларды ортаға салып, ашық ғылым мен цифрлық ортада оқу мәдениетін көтеруге арналған жобалармен таныстырды. Ол өз баяндамасында әлемдегі үздік кітапханалар тәжірибесін, соның ішінде ЖИ (жасанды интеллект) технологиясын ақпараттық сауаттылық пен цифрлық инклюзияға енгізудің тиімді тәсілдерін мысалға келтірді. Сонымен қатар, медиасауаттылық, инклюзивті цифрлық кеңістіктер мен кітапхана саласындағы трансформация жөнінде ой бөлісіп, қатысушылармен тәжірибе алмасты.
IFLA – кітапхана ісіндегі ең ірі халықаралық ұйым ретінде 1927 жылы Шотландияның Эдинбург қаласында құрылған. Бүгінде бұл ұйым әлемнің түкпір-түкпіріндегі кітапханалар мен ақпарат орталықтарының күшін біріктіріп, ортақ стандарттар мен стратегиялар әзірлеу арқылы саладағы тұрақты дамуды қамтамасыз етіп отыр. Ұйымның штаб-пәтері Нидерландтың Гаага қаласындағы Кароль кітапханасында орналасқан.
Конгресс барысында жасанды интеллект, кітапханалық қызметтердің автоматтандырылуы, заманауи білім ресурстарының қолжетімділігі, оқырман тарту және жастармен жұмыс, жаңа медиамен интеграция сынды өзекті тақырыптар көтеріліп, ашық пікірталастар өтті. Бұл Әуезов университетінің ақпараттық білім беру саласындағы ұстанымын халықаралық деңгейде танытып, жаһандық кәсіби желілерге қосылуына мүмкіндік берді.