Кентау қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен этносаралық татулықты нығайту мақсатында Байылдыр ауылында кездесу өтті.
Кездесуге Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Кентау қалалық филиалының басшысы Ешірбаев Бақытжан Шәкірұлы, Кентау қаласының құрметті азаматшасы Дәрибаева Бибі Еркінбекқызы, Түркістан облысы Медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Үтегенова Жұлдыз және Мұсаханова Үлбала қатысты.
– Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерде әрқашан нәтижелі істердің өркендейтіні белгілі. Қазақстанда қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Көпұлтты халқымыздың ынтымақтастығы мен бейбітшілігі – мемлекетіміздің басты жетістігі, ең үлкен байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек, – деп атап өтті Бақытжан Шәкірұлы.
Өз сөзінде кәсіби медиатор Жұлдыз Үтегенова:
– Елімізде мекендеп отырған ұлттар мен ұлыстарға өз мәдениетін дамытуға, салт-дәстүрлерін сақтауға лайықты жағдай жасалған. Әрқайсысының ұлттық мәдени орталықтары тұрақты жұмыс істейді. Бұл орталықтар әр халық өкілдерінің өз дәстүрлерін сақтап қана қоймай, көпұлтты Қазақстанның мәдени жағынан жан-жақты дамуына үлес қосып келеді, – деді.
Ал Бибі Еркінбекқызы:
– Қазақ халқы қашанда бірлік пен татулық мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағалап келген, – деп атап өтті.
Кентау қалалық ішкі саясат бөлімі