Шымкент қаласында Жастар театры ғимаратына кең көлемді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Соңғы он жылға жуық уақыт жөндеу көрмеген мәдени нысан қазіргі таңда толыққанды жаңартылу кезеңінен өтуде.
Құрылыс жұмыстары Шымкент қаласының әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбековтің тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатыр. Бүгінде ғимараттың ішкі бөлігінде жөндеу жұмыстары басталып, техникалық және құрылымдық тұрғыдан жаңарту шаралары қолға алынған.

Бұл процеске қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы, Кәрімов Айдын Мейрамбекұлы, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынбасарұлы Орынтаев, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Бастарұлы Есқараев қолдау көрсетуде. Сонымен қатар, театр директоры Расул Махмұдұлы жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуін күнделікті бақылауда ұстап отыр.
Шымкент Жастар театрының жаңартылған ғимараты 2025 жылғы қыркүйек айында қайта ашылып, көрермендерді қабылдайтын болады. Бұл нысан заманауи талаптарға сай мәдениет ошағына айналып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін сапалы шығармашылық кеңістік ұсынуға бағытталған.
Мәдени инфрақұрылымды дамыту – рухани өркендеудің кепілі. Жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары осы бағыттағы маңызды қадам болып табылады.

