Әлем жаңалықтары

ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТІҢ ЖАС ДАРЫН ОҚУШЫСЫ ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Спорт пен зерделілік қатар жүретін ұлттық ойын – тоғызқұмалақ бүгінде жас буынның рухани және интеллектуалдық дамуына оң әсерін тигізіп, шынайы мықтыларды анықтайтын беделді бәсекелердің алаңына айналды. Осы орайда үшінші мегаполис – Шымкент қаласының намысын қорғаған жас спортшы тағы бір мәрте ел мерейін үстем етті.

А.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясының 10 «Д» сынып оқушысы Белицкая Виктория Қызылорда қаласында өткен тоғызқұмалақтан қыздар арасындағы Қазақстан Республикасының командалық чемпионатында топ жарып, 1-орынды иеленді. Бұл жеңіс – тек Викторияның емес, бүкіл қаламыздың жас дарындарының қабілеті мен табандылығының жарқын дәлелі.

Зияткерлік ойынның күрделілігіне қарамастан, Виктория қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, әр партияда терең ойлау мен тактикалық шеберлік таныта білді. Тоғызқұмалақ – тек ұлттық мұрамыз ғана емес, әлемге әйгілі логикалық ойындардың қатарына енген ерекше спорт түрі. Онда қарсыластың әр қадамын алдын ала болжап, бірнеше жүріс алға ойлай білу – нағыз зияткерлік шеберліктің көрсеткіші.

Жас чемпионның бұл жетістігі – үздіксіз дайындық пен қажырлы еңбектің жемісі. Виктория тек мектеп қабырғасындағы үлгілі оқуымен ғана емес, сондай-ақ өзінің жан-жақты дамуымен ерекшеленеді. Ол – білім мен спортты қатар алып жүрген талапты оқушы. Ұстаздары мен жаттықтырушыларының айтуынша, оның бойында көшбасшылық қасиет пен мықты ерік-жігер бар. Осы сипаттары оны кез келген бәсекеде биіктен көруге жол ашады.

Шымкент қаласы білім басқармасы мен мектеп әкімшілігі де оқушының бұл үлкен жетістігін мақтан тұтып, алдағы уақытта ұлттық және халықаралық деңгейдегі додаларда жоғары нәтиже көрсететініне сенім білдіріп отыр. Мұндай табыстар – басқа оқушылар үшін де үлкен мотивация көзі, себебі әрбір жетістік – еңбек пен ұмтылыстың нәтижесі екендігін айқын көрсетеді.

Сонымен қатар тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойын түрлерін дамыту – өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулудың, ата-баба мұрасын қадірлеудің тиімді жолы. Виктория секілді дарынды жастардың арқасында бұл ойын жаңа тыныс алып, заман талабына сай жаңғырып келеді.

Қазіргі таңда үшінші мегаполис – Шымкент қаласында ұлттық спорт түрлерін насихаттау мен дамытуға ерекше назар аударылуда. Мектептерде үйірмелер мен арнайы секциялар ашылып, оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік жасалуда. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі – Белицкая Виктория сынды дарынды оқушылардың елдік деңгейде топ жаруы.

Алдағы уақытта да үшінші мегаполисімізден шығатын жас чемпиондардың қатары артып, олардың есімі тек республикалық емес, халықаралық аренада да кеңінен таныларына сенім мол. Викторияның бұл жеңісі – жастарымызға шабыт, жаңа белестерге бастар нақты бағдар.

Осындай табысқа жеткен әрбір оқушы – еліміздің болашағы үшін еңбек етіп жүрген жас буынның жарқын өкілі. Ұлттық құндылықтарды насихаттауда да, спорттық рухты дәріптеуде де олар үлкен рөл атқарады. Белицкая Викторияны шын жүректен жеңісімен құттықтай отырып, алдағы додаларда да биіктен көріне беруіне тілектеспіз!

Қатысты жаңалықтар

НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНЕ ҚАРАСТЫ АҚЫЛДЫ ЖҮЙЕЛЕР МЕН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ИНСТИТУТЫНДА ҚАЗАҚ ТІЛДІ БЕС ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖОБАСЫ ҰСЫНЫЛДЫ

bastynews

Трамп к Ирану: «Сделайте это. Пока не стало слишком поздно»

bastynews

Адыраспанменде дезинфекция істеуге болады

Bastynews