Астанада білім саласының ең маңызды оқиғаларының бірі — дәстүрлі республикалық Тамыз конференциясының пленарлық отырысы өтті. Биылғы кеңестің ерекшелігі — еліміздің білім беру саласындағы түйткілді мәселелер мен тың бастамаларды жоғары деңгейде талқылауға негіз болуы. Маңызды жиынға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы қатысып, педагогикалық қауым өкілдеріне арнап мазмұнды әрі салмақты баяндама жасады.
Конференция жұмысына еліміздің барлық өңірінен келген делегаттармен қатар, Шымкент қаласының білім саласы өкілдерінен құралған делегация да қатысты. Шымкент қаласы білім басқармасының басшылығы, мектеп директорлары, педагогтер, техникалық және әдістемелік кадрлардан тұратын топ білім саласындағы жаңа бағыттарды талқылап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Бұл – Шымкент қаласы білім беру жүйесінің ел көлеміндегі маңызды бастамалар мен стратегиялық шешімдерден тыс қалмай, белсенді түрде атсалысып отырғанының айқын дәлелі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев конференция барысында білім беру саласының өзекті мәселелерін айта отырып, нақты тапсырмалар берді. Президент өз сөзінде:
«Білім – ел болашағының кілті. Еліміздің өркендеуі, ұлттық құндылықтардың сақталуы, жаңаша ойлайтын ұрпақтың қалыптасуы – бәрі ұстаздардың қолында» — деп, мұғалімдер қауымының ел дамуына қосар үлесін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы педагогтердің мәртебесін арттыру, білім сапасын көтеру, мектептерді қауіпсіз әрі қолайлы ету, білім беру мазмұнын жаңарту, жаңа технологияларды енгізу және ұстаздардың кәсіби дамуын жүйелі жолға қою сынды мәселелерге баса назар аударды. Әсіресе, балалардың оқу үлгерімі мен функционалдық сауаттылығын арттыру міндеттері – алдағы жылдарға арналған негізгі басым бағыттардың бірі ретінде белгіленді.
Астана төрінде өткен осы алқалы жиында жаңа оқу жылындағы негізгі басымдықтар, білім саласын дамыту стратегиялары мен реформалар кеңінен талқыланды. Шымкенттік делегаттар да өзара пікір алмасу, тәжірибе бөлісу, әдістемелік жаңалықтарды саралау мүмкіндігіне ие болды. Бұл – қаламыздағы білім беру ұйымдары үшін жаңа серпін, тың идеялар мен жетілдіру мүмкіндіктерінің бастауы.
Шымкент қаласынан барған делегация құрамында білім басқармасының өкілдерімен қатар, түрлі жетістіктерге жеткен мектеп директорлары, тәжірибелі педагогтер, жас мамандар және техникалық кадрлар да болды. Олар пленарлық отырыста қозғалған бастамаларды қаламызда іске асыру жолдарын қарастырып, өз білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылына сапалы дайындық жұмыстарын жүргізуге ниетті.
Жиын барысында Президент тарапынан жұмысшы мамандық иелерінің еңбегін бағалау, техникалық қызметкерлердің де білім беру жүйесіндегі маңызын мойындау туралы бастамалар ерекше қолдау тапты. Осыған орай биылғы Тамыз кеңесінің аясында тек педагогтер ғана емес, білім беру мекемелерінде қызмет етіп жүрген өзге де мамандар — ағаш ұсталары, тазалықшылар, аспаздар, медицина қызметкерлері мен күзетшілер арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
Мұндай тың өзгерістер қоғамдағы әрбір еңбектің маңызын арттырып, әділ бағалауға жол ашады. Шымкент қаласынан барған делегаттар мұны үлкен серпіліс ретінде қабылдады.
Шымкент қаласының білім саласында соңғы жылдары серпінді өзгерістер мен оң нәтижелер орын алып келеді. Мектеп құрылыстары, жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, цифрландыру, инклюзивті білім беруді дамыту бағыттарында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл бағытта республикалық деңгейдегі іс-шараларға қатысу — қалалық білім жүйесінің үздік тәжірибесін кеңінен таратуға жол ашады.
