Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №66 жалпы орта білім беретін мектептің ағаш ұстасы Арынбеков Қайрат Тұрғанбекұлы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатымен марапатталғанын қуана хабарлаймыз!
Бұл — білім беру мекемелеріндегі жұмысшы мамандық иелеріне берілген лайықты баға, елеулі еңбек пен күнделікті тынымсыз тірліктің ел тарапынан мойындалуының нақты көрінісі. Ұстаздар қауымының кәсіби мерекесіне айналған Тамыз конференциясы биылғы жылы ауқымы мен мазмұны тұрғысынан тың серпінмен өтті. «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты республикалық кеңесте алғаш рет педагогтармен қатар, мектеп пен балабақшаларда еңбек етіп жүрген техникалық қызметкерлер де арнайы марапатқа ие болды.
Марапат иесі — Арынбеков Қайрат Тұрғанбекұлы ұзақ жылдар бойы №66 жалпы орта білім беретін мектептің техникалық жағдайының сақталып, жаңғырып отыруына зор үлес қосып келеді. Ол мектеп аумағындағы ағаш ұсталығы жұмыстары мен түрлі жөндеу шараларына жауапты маман ретінде өз ісіне деген адалдығымен, кәсіби біліктілігімен, еңбекқорлығымен ерекшеленеді. Қайрат Тұрғанбекұлы – білім беру саласында “көрінбейтін, бірақ аса қажет” жұмысты мүлтіксіз атқарып жүрген жандардың бірі.
Тамыз кеңесінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың:
«Білім саласы — бұл тек мұғалімдер мен оқушылардан тұрмайды. Осы жүйеде қызмет ететін әрбір жан – соның ішінде техникалық қызметкерлер, көлік жүргізушілері, аула тазалаушылар, аспаздар және өзге де мамандар – бірлесе отырып, еліміздің келешегі үшін аянбай еңбек етуде. Олардың еңбегі де құрметке лайық» — деген сөзі көпшіліктің көкейінен шықты.
Бұл жаңашылдық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында жүзеге асып отыр. Президенттің «еңбек адамының мәртебесін көтеру» туралы тапсырмасы аясында, елімізде кәсіби техникалық қызмет өкілдерін қолдау, олардың қоғамдағы рөлін насихаттау бағытында нақты шаралар қолға алынуда.
Арынбеков Қайрат Тұрғанбекұлы — сол еңбек адамдарының көрнекті өкілі. Ол қарапайым қызмет атқарса да, мектеп ұжымының ажырамас бір бөлшегіне айналып үлгерген. Білім ордасының дамуына, балалардың қауіпсіз, ыңғайлы және таза ортада білім алуына тікелей үлес қосатын мұндай қызметкерлердің еңбегін ескеріп, ел көлемінде атап өту — қоғамдағы еңбек мәдениетінің артуына, адал қызметке деген құрметтің қалыптасуына ықпал етері сөзсіз.
№66 мектеп әкімшілігі мен ұжымы Қайрат Тұрғанбекұлының бұл жетістігін зор қуанышпен қабылдай отырып, алдағы уақытта да шығармашылық табыс, мықты денсаулық, отбасы амандығын тілейді. Оның еңбекқорлығы мен кәсібіне деген сүйіспеншілігі жас ұрпаққа ғана емес, әріптестеріне де үлгі болары анық.
Қайрат Тұрғанбекұлы сынды жандар – мектеп қабырғасындағы тыныш әрі тұрақты күндердің тірегі. Олар өз ісіне еш даңғаза мен мақтанусыз кірісіп, ұжым ішінде абыройға ие. Осындай мамандардың еңбегін көре білу, бағалай білу – азаматтық жауапкершілігіміз.
