Ақпарат Жаңалықтар Қоғам

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН КҮШЕЙТУ ЖӘНЕ ЖАҢҒЫРТУ: «ДОСБОЛLIKE» АНТИБУЛЛИНГТІК БАҒДАРЛАМАСЫ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Шымкент қаласында 2025–2026 жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру жүйесін жаңғырту, материалдық-техникалық базаны күшейту және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар маңызды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда қалада 955 білім беру ұйымы қызмет етеді, оның 243-і мемлекеттік, 712-сі жекеменшік мекеме.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2022 жылғы 30 наурыздағы №117 бұйрығына сәйкес, білім басқармасына қарасты 570 білім беру ұйымы террористік тұрғыдан осал объектілердің қатарына енгізілген. Аталған мекемелердің ішінде 230 мемлекеттік және 340 жекеменшік ұйым бар. Бұл шешім білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін арттыру, қауіп-қатердің алдын алу және төтенше жағдайларда жедел әрекет ету тетіктерін жетілдіру мақсатында қабылданған.

Сонымен қатар, 2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша Шымкент қаласында техникалық және кәсіптік білім беру саласында 40 колледж жұмыс істейді. Бұл оқу орындары еңбек нарығының сұранысына сай білікті мамандар даярлауға, жастардың кәсіби бағдарлануына және заманауи дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік беріп отыр.

Білім сапасын арттыру мақсатында 2025 жылы 121 мектепте жалпы саны 272 пәндік кабинет жаңартылып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

Жаңа оқу жылының тағы бір маңызды жаңалығы – 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық мектептері мен колледждерінде отандық «ДосболLIKE» антибуллингтік бағдарламасының енгізілуі. Бұл бағдарлама – елімізде алғаш рет кең көлемде жүзеге асырылып отырған кешенді профилактикалық жоба.

«ДосболLIKE» бағдарламасының негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллингтің (қорлау, мазақ ету, әлімжеттік көрсету) алдын алу, білім беру ұйымдарында қауіпсіз, қолдаушы әрі құрметке негізделген орта қалыптастыру. Бағдарлама балалардың психоэмоционалдық саулығын нығайтуға, қарым-қатынас және жанжалдарды бейбіт шешу дағдыларын дамытуға бағытталған.

Сонымен қатар, бағдарлама аясында педагогтер мен ата-аналарға арналған тренингтер, ақпараттық-әдістемелік материалдар және практикалық құралдар ұсынылады. Бұл бастама оқу орындарының ішкі мәдениетін жақсартуға, мектеп пен колледж қабырғасында сенімді, инклюзивті және қауіпсіз атмосфера орнатуға ықпал етеді.

Шымкент қаласы білім саласындағы реформалар мен қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аудара отырып, жаңа оқу жылына жүйелі дайындық жұмыстарын жүргізуде. Қалалық білім беру ұйымдары алдағы оқу жылында да білім сапасын арттыруға, технологиялық жаңғыруға және оқушы қауіпсіздігіне бағытталған жұмыстарды жалғастыратын болады.

Қатысты жаңалықтар

Құрметті Шымкент қаласының тұрығындары!

bastynews

КӨРІСУ МЕРЕКЕСІ ЖАСТАРДЫҢ БАСЫН ҚОСТЫ

bastynews

АРЫСТА БАЛАЛАР КҮНІНЕ ОРАЙ МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ

bastynews