Ақпарат Жаңалықтар Технология

ЦИФРЛЫ ҒАСЫРДЫҢ ҮЗДІК СТУДЕНТІ: ҚАСИЕТ БАЙДУЛЛАҰЛЫ ӘЛЕМДІК БІЛІМ КЕҢІСТІГІНДЕ

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Журналистика және қазақ тілі» кафедрасының 4-курс студенті Сейтжан Қасиет Байдуллаұлы халықаралық онлайн білім беру платформаларында үздік нәтиже көрсетіп, өзіндік білім жолын қалыптастырып келеді. Қасиет бүгінде Coursera платформасында 64-ші курсын аяқтап, жаһандық білім кеңістігінде танымал университеттерден алған білімін түрлі салаларда тиімді қолданып жүр. Оның соңғы аяқтаған курсы Тайвань ұлттық университеті ұсынған «Халықаралық байланыс және Шығыс Азия мәселелері» атты бағытқа арналған.

Цифрлы ғасырдың қарқынды дамуы жағдайында дәстүрлі білім беру әдістерімен қатар онлайн оқыту формалары да кеңінен танымал бола бастады. Бұл үрдісті дер кезінде сезінген және соны оңтайлы пайдаланған студенттердің бірі – Қасиет Байдуллаұлы. Ол өз бастамасымен халықаралық деңгейдегі ең үздік білім беру ресурстарына тіркеліп, тек журналистика мамандығына қатысты емес, одан тыс салаларда да өзін дамытып келеді.

Атап айтқанда, Қасиет тек кәсіби журналист ретінде емес, сонымен қатар жан-жақты ойлай алатын, жаһандық процестерді талдай білетін, заманауи ғылым мен технологияның негіздерін меңгерген, әмбебап жас маман ретінде қалыптасуда. Құқық, саясаттану, халықаралық қатынастар, философия, халықаралық сот жүйесі, жаһандық дипломатия, әлеуметтану, экономика және жасанды интеллект бағыттары бойынша үздік нәтижелермен бірнеше курстарды тәмамдаған. Бұл оның білімге деген шынайы құштарлығын, көпсалалы даму қағидатын ұстанатынын көрсетеді.

Қасиеттің алған білімінің сапасы оның оқыған университеттерімен де тығыз байланысты. Ол Стэнфорд, Лейден, Эдинбург, Лондон университеті, Мичиган, Иллинойс (Чикаго), Коч және Цинхуа сияқты әлемдік рейтингте көш бастап тұрған беделді жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамынан дәріс алған. Бұл білім көздері оған жаһандық ойлау қабілетін дамытып, халықаралық академиялық стандарттарға сай білім алуға мүмкіндік берді.

Қасиет Байдуллаұлының жетістігі тек академиялық білім алумен шектелмейді. Қазіргі таңда ол өзі алған тәжірибені өзгелермен бөлісуді де басты мақсаттарының бірі деп біледі. М.Әуезов атындағы ОҚУ қабырғасында Coursera платформасының мүмкіндіктерін кеңінен насихаттап, студенттер мен оқытушыларға жаппай ашық онлайн курстардың маңыздылығын түсіндіруде белсенділік танытып жүр. Ол университетте арнайы кездесулер өткізіп, студенттерге онлайн оқыту платформалары туралы ақпарат беріп, өз тәжірибесін мысал ретінде келтіруде.

Сонымен қатар, Қасиет қазірдің өзінде онлайн курстарға спикер ретінде қатысып, лекторлық қызмет атқара бастаған. Ол өзінің авторлық курсын әзірлеу үстінде, бұл болашақта отандық білім беру кеңістігінде цифрлы оқытудың жаңа форматтарын дамытуға жол ашуы мүмкін. Оның бұл бастамасы – студенттік деңгейдегі кәсіпқойлық пен көшбасшылықтың айқын үлгісі.

Мұндай жас дарын иелері – еліміздің интеллектуалды болашағы. Қасиеттің табандылығы, ізденімпаздығы мен мақсаткерлігі – заманауи студенттің келбеті. Оның білімге деген шексіз ұмтылысы мен бастамашылдығы басқа студенттерге де үлгі болып, университет беделін халықаралық деңгейде таныта түсуде.

Қатысты жаңалықтар

Общественные деятели проявили активную гражданскую позицию

bastynews

ШЫМКЕНТ ӘУЕЖАЙЫНЫҢ ЖАҢА ТЕРМИНАЛЫ АШЫЛДЫ

bastynews

ОРДАБАСЫДА ЭЛЕКТР ҚҰРЫЛҒЫЛАРЫ МЕН ГЕНЕРАТОРЛАР ӨНДІРЕТІН ІРІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСАДЫ

bastynews