Шымкент қаласында жас ұрпақтың сапалы демалысын қамтамасыз етуге, олардың жан-жақты дамуына бағытталған маңызды инфрақұрылымдық бастама жүзеге аспақ. Қала аумағында балалар мен жасөспірімдерге арналған үш бірдей заманауи үлгідегі демалыс және сауықтыру лагерьлерін салу жоспарланып отыр. Бұл жобаның негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа қолжетімді әрі тиімді демалыс ұйымдастырып, олардың шығармашылық, спорттық, танымдық және ұлттық құндылықтарға негізделген әлеуетін дамытуға мүмкіндік беру.
Бүгін осы бастаманың алғашқы кезеңі ретінде арнайы жұмыс тобы Маятас тұрғын алабында орналасқан ықтимал жер телімдерін аралап, алдын ала зерделеу жұмыстарын жүргізді. Табиғаты көркем, таза ауаға бай бұл аумақ – балалардың демалып, денсаулығын нығайтуына, белсенді ойындар мен танымдық іс-шараларға қатысуына таптырмас орын. Лагерьдің орналасуы – олардың қауіпсіздігін, тыныштығын және шығармашылық еркіндігін толық қамтамасыз ете алатындай таңдаулы аймақтардың бірі ретінде қарастырылып отыр.
Жұмыс тобы құрамында Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы, сондай-ақ Жер қатынастары, Құрылыс, Энергетика және инфрақұрылымдық даму, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары басшыларының орынбасарлары мен салалық мамандар болды. Олар жер телімінің инфрақұрылымға қолжетімділігін, табиғи жағдайын, экологиялық тазалығын, техникалық талаптарға сәйкестігін егжей-тегжейлі сараптады.
Аталған лагерь кешендері жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін форматта жобалануда. Бұл – оқушылардың тек жаз мезгілінде ғана емес, қысқы, күзгі және көктемгі каникул кезінде де бос уақыттарын тиімді әрі мазмұнды өткізуге бағытталған. Лагерь аумағында заманауи спорт алаңдары, шығармашылық студиялар, үйірмелер, сондай-ақ ұлттық тәрбиелік бағдарламаға негізделген орталықтар құрылатын болады. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігіне басымдық беріліп, барлық нысандарда заманауи бақылау жүйелері орнатылады.
Қазіргі таңда жоба тұжырымдамасы мен техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары басталып кетті. Бұл бағытта жобалаушы ұйымдармен бірлескен нақты жоспар түзіліп, тиісті құжаттар заңға сай рәсімделуде. Келешекте бұл лагерьлер қаламыздағы мыңдаған балаға сапалы демалыс пен тұлғалық даму ортасын ұсынатын бірегей орынға айналмақ.
Аталған бастама – Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп», «Жасыл ел», «Балалар жылын» қолдау бағытындағы тапсырмаларымен де үндес. Ел болашағы – балалардың жарқын келешегі үшін жасалып жатқан бұл жұмыс қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуда маңызды орынға ие.
