Ақпарат Соңғы жаңалықтар

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖАС ҒАЛЫМЫ ҚАЗАҚСТАН АТЫНАН ЖАСТАРДЫҢ ЦИФРЛЫҚ «ЖАСЫЛ» БАСТАМАЛАРЫНА АРНАЛҒАН ЖАҺАНДЫҚ ФЕСТИВАЛЬГЕ ҚАТЫСТЫ

Өзбекстан Республикасының Ташкент, Нукус және Мойнақ қалаларында жастардың цифрлық «жасыл» бастамаларына арналған халықаралық деңгейдегі жаһандық фестиваль өтті. Бұл форумға әлемнің түрлі елдерінен келген ғалымдар, жас зерттеушілер, экология және цифрлық технологиялар саласындағы мамандар қатысты. Қазақстан атынан бұл беделді шараға М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің жас ғалымы, PhD доктор, У.Бестереков атындағы «Су сапасын мониторингілеу және сулы технологиялар» ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі Еркебұлан Райымбеков қатысты.

Жаһандық фестиваль барысында Еркебұлан Райымбеков Қазақстанның су технологиялары саласындағы ғылыми мектебін таныстырды. Ол су сапасын цифрлық бақылау әдістері, метал-органикалық каркас (MOF) негізіндегі инновациялық технологиялар және экожүйелерді қалпына келтіру мен шөлейттенуге қарсы күрес саласындағы жастардың маңызды рөлін кеңінен қозғады. Оның ғылыми баяндауы жастардың экологиялық мәселелерді шешуге белсенді араласуы және заманауи технологияларды қолдану арқылы тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ұмтылысын көрсетті.

Фестиваль аясында қатысушылар бірнеше маңызды іс-шараларға қатысты. Алдымен, Нукуста өткен жасыл технологиялар мен тұрақты даму бойынша инновациялық көрмеге қатысу арқылы жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдерді танып, экология мен энергетика саласындағы әлемдік тенденциялармен танысты. Мұнда жас ғалымдар мен зерттеушілер өзара тәжірибе алмасып, жасыл технологияларды дамыту бағытында пікір алмасты.

Сондай-ақ, Мойнақ қаласында Арал өңірінде сексеуіл отырғызу бойынша жастар экологиялық акциясына қатысу ерекше әсер қалдырды. Бұл акция шөлейттенудің алдын алу және экожүйені қалпына келтіру мәселелерін жастардың белсенді түрде қолдап отырғанын көрсетеді. Фестиваль қатысушылары Арал теңізінің тартылуының зардаптарымен танысу үшін арнайы кеме «зиратын» аралады. Бұл тәжірибе су ресурстарының азаюының табиғат пен адам өміріне әсерін терең түсінуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, фестиваль шеңберінде қалпына келтірілген сексеуіл алқаптарымен танысу ұйымдастырылды. Бұл алқаптар экологиялық тепе-теңдікті сақтауда және жергілікті тұрғындардың өмір сапасын жақсартуда маңызды рөл атқарады. Осылайша, қатысушылар экожүйені қалпына келтірудің нақты нәтижелерімен танысты.

Қатысты жаңалықтар

ҒЫЛЫМҒА БАҒЫТТАЛҒАН АКАДЕМИЯЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ: ZHANIBEKOV UNIVERSITY ДОКТОРАНТТАРЫМЕН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ДИАЛОГ

bastynews

МЕЖЭТНИЧЕСКОЕ СОГЛАСИЕ – НАЦИОНАЛЬНЫЙ БРЕНД КАЗАХСТАНА

bastynews

ШҚО-да 47 жастағы әйелді пойыз басып кетті

Bastynews