Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен еліміздің білім саласы қызметкерлері арасында дәстүрлі «Үздік педагог» республикалық конкурсы басталды. Байқау – педагог мәртебесін көтеру, олардың кәсіби шеберлігін тану және еңбегін ынталандыру мақсатында жыл сайын өткізіліп келеді.
Биылғы байқаудың ерекшелігі – жеңімпаздарға 1000 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 3,9 млн теңге) көлемінде мемлекеттік сыйақы берілуі. Бұл – ұстаздар еңбегіне берілетін зор құрметтің нақты көрінісі.
«Үздік педагог» атағы – педагогтің кәсіби шеберлігі, шығармашылық жетістіктері, оқу-тәрбие процесіне енгізген заманауи әдіс-тәсілдері және білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі негізінде тағайындалады. Конкурсқа мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында қызмет ететін, кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар мұғалімдер қатыса алады.
Конкурс үш кезеңнен тұрады:
I кезең – аудандық/қалалық деңгей (8–25 шілде);
II кезең – облыстық деңгей (28 шілде – 15 тамыз);
III кезең – республикалық деңгей (18 тамыз – 18 қыркүйек).
Бірінші және екінші кезеңдерде жоғары ұпай жинаған педагогтер республикалық кезеңге өтеді. Конкурстық іріктеу барысында үміткердің білім беру саласындағы жетістіктері, оқушы/студенттермен жұмыс сапасы, инновациялық жобаларды енгізу қабілеті, авторлық бағдарламалар мен әдістемелік құралдарды қолдануы ескеріледі.
Байқауға қатысуға өтінімдерді қабылдау және құжаттарды тапсыру процесі uzdikustaz-nobd.edu.kz веб-порталы арқылы жүргізіледі. Қатысушылар өз мәліметтерін онлайн жүйеде тіркеп, қажетті материалдарын жүктеу арқылы конкурсқа қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл – үміткерлер үшін ашықтықты, әділдікті және қолжетімділікті қамтамасыз ететін маңызды тетік.
«Үздік педагог» атағы алғаш рет 2012 жылы тағайындалған болатын. Сол уақыттан бері бұл марапатқа 700-ге жуық үздік ұстаз ие болды. Олар – республика көлемінде өз саласының кәсіби көшбасшылары атанып, білім беру сапасының артуына нақты үлес қосқан тұлғалар.
Бұл байқау – тек қана кәсіби жетістіктерді бағалау алаңы ғана емес, сонымен қатар жас мұғалімдер үшін үлгі боларлық тұлғаларды танытатын, педагогикалық тәжірибені тарататын маңызды кәсіби платформа.
Конкурс талаптары мен ережелері туралы толық ақпаратты Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің www.gov.kz ресми сайтынан немесе uzdikustaz-nobd.edu.kz платформасынан алуға болады.
🔔 Ұстаздар қауымын байқауға белсенді қатысуға шақырамыз!
Бұл – еңбектің еленер, шеберліктің шыңдалатын, тәжірибе мен идеялар тоғысатын кәсіби алаңы. Озық ойлы, жаңашыл және ізденімпаз ұстаздар үшін тамаша мүмкіндік!