2025–2026 жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан Республикасындағы барлық білім беру ұйымдарында, оның ішінде жекеменшік мектептерде де «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы іске асырылады. Бұл бастама бұрынғы «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының негізінде әзірленіп, жаңартылған мазмұнмен және Мемлекет басшысының «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» идеологиялық ұстанымымен үндесіп отыр.
Бағдарламаның мақсаты мен негізі
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2025 жылғы 26 мамырдағы №123 бұйрығымен ресми түрде бекітілген бұл бағдарлама Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы үйлестіруімен жүзеге асады. Негізгі мақсаты – еліне адал, еңбексүйгіш, жауапкершілігі жоғары және патриот тұлға қалыптастыру.
Тәрбие жұмысы жалпыұлттық құндылықтарға негізделіп, мектеп – ата-ана – қоғам үштігінің бірлескен іс-әрекетіне арқау болады. Алғаш рет бұл бағдарлама жекеменшік мектептер үшін де міндетті болып бекітіліп отыр. Бұл – тәрбие жұмысының ел көлемінде бірізді жүргізілуіне және барлық оқушылар үшін тең мүмкіндіктер мен орта қалыптастыруға жол ашады.
Бірыңғай стандарт және жаңа форматтар
«Адал азамат» бағдарламасы аясында барлық мектептер үшін бірыңғай визуалды стандарт (брендбук) әзірленеді. Мектептің ішкі және сыртқы келбеті ұлттық тәрбиелік құндылықтар мен мәдениетті бейнелейтін ортаға айналады.
Жаңа тәрбие форматы мынадай жаңашыл элементтерді қамтиды:
- «Өнегелі 15 минут» – оқу күнінің басында құндылыққа негізделген қысқа тәрбие сағаты;
- Күй әуенімен қоңырау соғу – ұлттық рух пен өнерді дәріптеу;
- Ұлттық ойындар мен мәдени бағдарламалар – оқушының болмысын тәрбиелеу құралы ретінде.
Тәрбие бағыты әр айға белгіленген құндылықтармен байланыстырылып, оқу үдерісі мен сыныптан тыс жұмыстар өзара үйлестіріледі. Мысалы, әділдік, еңбекқорлық, патриотизм сынды ұғымдар оқу процесінің өзегіне айналмақ.
Бұрын басталған жобалар жалғасын табады
Бағдарлама алдыңғы «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасында жүзеге асқан ірі жобаларды сабақтастыра отырып жалғастырады:
- «Қамқор» – экологиялық мәдениет пен волонтерлік;
- «Еңбегі адал – жас өрен» – еңбекке баулу және мамандыққа бағыттау;
- «Smart Bala» – IT сауаттылығы мен инновациялық ойлауды дамыту;
- «Шабыт» – өнер мен мәдениет арқылы рухани даму;
- «Ұшқыр ой алаңы» – пікірсайыс пен зияткерлік ойындар;
- «Балалар кітапханасы» – оқу мәдениеті мен кітапқа деген қызығушылықты арттыру.
Сонымен қатар, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жобалар да жалғасын табады. Олар:
- «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам»;
- «Буллингтен қорған!»;
- «Қауіпсіз қоғам».
Бірлескен жауапкершілік