Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 40 үздік студенті Түркия Республикасында арнайы ұйымдастырылған «Жазғы мектеп» бағдарламасына қатысу үшін аттанды. Бұл жоба – оқу орны мен Түркиядағы серіктес жоғары оқу орындарының арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асып келе жатқан дәстүрлі білім беру және мәдени алмасу бастамасы.
«Жазғы мектеп» бағдарламасы оқу ордасының Өкілетті Кеңесі мен ректор Жанар Темірбекованың қолдауымен жүзеге асып отыр. Сапар алдында университет басшылығы қатысушы студенттермен арнайы кездесу ұйымдастырып, оларға сәттілік пен ізгі тілектерін білдірді. Ректор Жанар Темірбекова аталмыш бағдарлама – білім мен мәдениет тоғысатын үлкен алаң екенін атап өтіп, студенттердің халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндігін тиімді пайдалануын тілеп, бұл жобаның жас ұрпақты тәрбиелеуде ерекше мәні бар екенін жеткізді.
Бағдарлама шеңберінде студенттер Түркияның Анкара, Ыстанбұл, Бурса, Чанаккале, Балыкесир, Муданья, Билечик, Конья, Невшехир және Болу қалаларын аралап, осы өңірлердің тарихи-мәдени мұрасымен, ұлттық құндылықтарымен және әлеуметтік құрылымымен танысады. Сонымен қатар, жастар Түркияның беделді университеттері – Болу Абант Иззет Байсал, Анкара және Мармара университеттеріне барып, оқу үдерісі, ғылыми жобалар мен инновациялық зерттеу бағыттарымен танысып, тәжірибе алмасады.
Айта кетейік, бұл – университет студенттерінің үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған сапары. Алғашқы жылы 70 студент қатысса, екінші жылы 40 студент, биыл тағы үздік нәтиже көрсеткен 40 студент таңдалып, Түркиядағы жазғы мектепке жолдама алды. Бұл – студенттердің білім мен белсенділігінің нақты нәтижесі. Бағдарламаға қатысу – университетішілік рейтингке, академиялық үлгерімге және қоғамдық белсенділікке қарай таңдалады.
Аталған жобаның негізгі мақсаты – Қазақстан мен Түркия арасындағы білім беру ынтымақтастығын одан әрі нығайту, студенттердің мәдени көкжиегін кеңейту, кәсіби бағдарын айқындауға көмектесу және халықаралық тәжірибе арқылы олардың көшбасшылық қасиеттерін дамыту. Осылайша, Ахмет Ясауи университеті жас буынға шетелдік білім мен мәдениетті өз көзімен көріп, салыстыра отырып үйренуіне жағдай жасап отыр.
Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жалғасуда. Келесі жылдары бұл бастаманың ауқымы кеңейіп, басқа да елдермен мәдени-білім беру бағытындағы тәжірибе алмасу жобалары ұйымдастырылады деп күтілуде.