Мәселен, құрылыс саласында 10 мың сылақшы жетіспейді. Ауыл шаруашылығында 7 мың тракторшы мен 5 мыңға жуық бақташы керек. Ал өңдеу өнеркәсібіндегі ең тапшы маман – дәнекерлеуші. Кәсіпорындарда 3 500 дәнекерлеушінің орны бос тұр. Бұл сұраныс алдағы жылдары да ұлғая түседі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, алдағы алты жылда жұмысшы маманға сұраныс 400 мыңға жетеді.
Жалпы, кадр тапшылығын жою және маман сапасын көтеру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Оның ішінде шетелдік әріптестік пен білім беру жүйесіне еңбек нарығының нақты сұранысын енгізу негізгі тетіктердің бірі ретінде қарастырылады.
Елде кадр даярлауда шетелмен әріптестік жолға қойылған. Техникалық және кәсіптік білім беруде 10 халықаралық жоба қолға алынды. Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Түркия, Жапония, Ұлыбритания, Грузия және Ресеймен 50-ден аса меморандум жасалды. Бұл жобаларға өңірлердегі 20-дан астам колледж қатысып жатыр. Сондай-ақ жұмысшы мамандарды даярлауға арналған 8 мыңнан астам бағдарлама әзірленіп, арнайы реестрге енгізілген. Бүгінгі таңда онда 181 мамандық қамтылған, ал жаңа оқу жылында тағы 3 мың бағдарлама дайындалады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, жаңа бағдарламалардың 2 500-і дуалды оқыту жүйесіне бағытталған. Ал 70 бағдарлама ерекше білім беру қажеттілігі бар азаматтарға арналған. Колледждер негізінен инженерия, IT, қызмет көрсету, бизнес және басқару салаларына бейімделген.
Еңбек министрлігінің болжамы бойынша, алдағы 6 жылда еңбек нарығындағы жалпы тапшылық 1,6 миллион адамға жетуі мүмкін. Оның ішінде 900 мыңға жуық техникалық және кәсіптік білімді маман, 400 мыңнан астам жұмысшы қажет болады. Әсіресе құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және денсаулық сақтау салаларында тапшылық айқын сезіледі.
Маман тапшылығын жоюдың бір жолы — жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту. Бұл бағытта қайта бейімдеу курстары белсенді іске қосылуда. Қысқа мерзімді оқыту бағдарламалары арқылы жаңа кәсіп игеру мүмкіндігі жасалып отыр. Сонымен қатар мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беру шаралары да жүйеленіп келеді.
Қазір маман тапшылығы әсіресе халқы аз солтүстік және шығыс аймақтарда байқалуда. Ал жұмыссыз жастар оңтүстік өңірлерде көп шоғырланған. Бұл дисбалансты шешу үшін өңіраралық жұмыс күшін тарту, көші-қон және қайта оқыту тетіктері енгізілуде. Әрбір өңірдегі еңбек нарығына талдау жүргізіліп, нақты мамандықтар бойынша қажеттілік картасы жасалған.