Жаңалықтар Соңғы жаңалықтар

КЕЙІНГІ ЖЫЛДАРЫ ШЫМКЕНТТІК ОҚУШЫЛАРДЫҢ БІЛІМ ДЕҢГЕЙІ ЖОҒАРЫЛАДЫ

 Кейінгі жылдары Шымкент қаласындағы білім беру жүйесінде оң өзгерістер байқалуда. Әсіресе, оқушылардың білім сапасы мен бәсекеге қабілеттілігінің артуы – осы саланың даму бағытындағы жүйелі реформалардың, соның ішінде «Келешек мектептері» жобасының нақты нәтижесі екенін айта кеткен жөн.

Аталған жоба аясында өңірде білім берудің жаңа форматы енгізіліп, заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған мектептер салынып жатыр. Бұл бастама балалардың сапалы білім алуына, сыни ойлау, зерттеу және талдау қабілеттерін дамытуға едәуір мүмкіндік беріп отыр. Қалалық білім басқармасы мамандарының мәліметінше, таңдамалы пәндер бойынша тестілеу нәтижелері бойынша оқушылардың білім деңгейі айтарлықтай жоғарылаған. Атап айтқанда, көрсеткіш 2022 жылы 61,5 пайыз болса, қазіргі таңда 65,2 пайызға жетіп отыр. Бұл – қысқа уақыт ішінде қол жеткізілген маңызды көрсеткіш.

«Келешек мектептері» жобасының ерекшелігі – тек білім беру мекемелерінің ғимаратын салу ғана емес, сонымен қатар білім беру процесін түбегейлі жаңғырту. Жоба шеңберінде ашылған 11 мектеп заман талабына сай жабдықталған. Бұл мектептерде робототехника, ІТ технологиялар, заманауи физика, химия және биология кабинеттері бар. Бұл оқушыларға тек теорияны меңгеріп қана қоймай, оны практикада қолдануға да мүмкіндік береді. Мұндай оқыту әдістемесі балалардың қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етуде.

Мұғалімдерді іріктеу де ерекше тәсілмен жүзеге асырылды. Оқушылар сияқты ұстаздар да конкурстық негізде қабылданды. Қазіргі таңда бұл мектептерде жалпы саны 805 педагог қызмет етуде. Олардың 35 пайызы жоғары санатты, тәжірибелі мамандардан құралған. Жоғары деңгейдегі педагогтер мемлекеттік стандарт аясында бекітілген бағдарламаларды тереңінен меңгеріп, оны оқушыларға сапалы түрде жеткізіп келеді. Бұл өз кезегінде білім сапасына тікелей әсер етті.

Сондай-ақ, мектептердің материалдық-техникалық базасы да едәуір күшейтілді. Көптеген мектептерде интерактивті тақталар, виртуалды зертхана, 3D модельдеу, STEM бағытындағы оқу құралдары мен арнайы жабдықтар орнатылған. Бұл оқыту процесін жандандырып, оқушылардың танымдық қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың болашақ кәсіби бағдарын да айқындай түсті.

Биыл Шымкент қаласының Таскен тұрғын алабында 1200 орынға арналған жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Бұл жаңа нысан да «Келешек мектептері» жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Аталған мектеп қаладағы оқушы орны тапшылығын азайтуға, сондай-ақ сапалы біліммен қамтылған оқушылар санының артуына оң әсер етеді.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТТІК ПЕДАГОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҰСТАЗЫ

bastynews

«АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ» ЖОБАСЫ ІСКЕ АСЫРЫЛУДА

Bastynews

ТҮРКІСТАН: 2,5 ПАЙЫЗДЫҚ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ БОЙЫНША 142 ЖАСТЫҢ ЖОБАСЫ МАҚҰЛДАНДЫ

Bastynews