2025 жылдың 3–4 мамыр күндері Орталық Азия Инновациялық университетінде өткен дәстүрлі “RITORICA CUP III” республикалық пікірсайыс турнирі биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік пікірсайысшылардың басын қосты. Интеллектуалды сайысқа алуан түрлі өңірлік және университеттік клубтардың дарынды жастары қатысып, өз білімдері мен шешендік қабілеттерін сынға салды.
Бұл додада университет намысын қорғаған “NOMAD” фракциясы бас жүлдеге ие болып, университет қоржынына тағы бір ірі жеңіс сыйлады. Финалдық сайыста өздерінің логикалық дәлелдерімен, терең талдауымен және шебер серіктестігімен көзге түскен Абдураширова Мехринос пен Асанов Ғани үздік деп танылып, турнир жеңімпаздары атанды.
“RITORICA CUP” — жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін және пікірсайыс әлемінде беделге ие алаңдардың бірі. Турнирдің басты мақсаты — жастардың сыни ойлау қабілетін дамыту, еркін пікір айту мен қоғамдық мәселелерге өз көзқарасын ашық білдіруге жол ашу. Биылғы сайыс та осы миссиясын лайықты түрде орындап, ел жастарының азаматтық ұстанымын, саяси сауаттылығын және шешендік шеберлігін паш етті.
Финалға жолдама алған командалар бірнеше іріктеу кезеңінен өтіп, өз салмақты ойларымен және сенімді аргументтерімен ерекшеленді. Ал “NOMAD” фракциясының жеңісі – кездейсоқтық емес. Бұл – тұрақты дайындықтың, пікірсайыс мәдениетін терең меңгерудің және үздіксіз еңбектің нәтижесі. Жеңімпаздар қазіргі әлеуметтік, саяси, мәдени тақырыптарды еркін қозғап, әр пікірін нақты дәйектермен қорғап, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Бұл жеңіс — тек Абдураширова Мехринос пен Асанов Ғанидың емес, тұтас университет ұжымы мен студенттік пікірсайыс клубының жетістігі. Олардың бұл табысы университетте жүргізіліп жатқан зияткерлік даму бағытындағы жүйелі жұмыстың, жас дарындарды қолдау мен дамыту саясатының жемісі.
Орталық Азия Инновациялық университеті жастардың білім мен пікірсайыс мәдениетіне қызығушылығын арттырып, осындай республикалық деңгейдегі турнирлерге алаң ұсынуды әрі қарай да жалғастыра бермек. Университетіміздің қабырғасында ұйымдастырылып жатқан әр шара – студенттердің шығармашылық, ғылыми және көшбасшылық әлеуетін ашуға бағытталған маңызды бастама.
Жеңіске жеткен “NOMAD” фракциясын шын жүректен құттықтай отырып, алдағы пікірсайыс алаңдарында да биік тұғырдан көріне берулеріне тілектестік білдіреміз!