ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы еліміздің білім беру саласында сапалы өзгерістерге жол ашуда. Аталған жоба аясында ауыл мектептерінің педагогтерін қолдау және олардың кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы кешенді жұмыстар жүргізуде.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында осы жоба аясында 800-ге жуық ауыл мұғалімі арнайы ұйымдастырылған біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Курстар заманауи LMS (Learning Management System) платформасы арқылы онлайн форматта жүзеге асырылды. Бұл платформа мұғалімдерге қолжетімді, ыңғайлы оқу процесін қамтамасыз етіп, теориялық және практикалық материалдарды меңгеруге мүмкіндік берді.
Курс мазмұны 11 пән бойынша құрылып, математика, физика, биология, химия, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі, ағылшын тілі, информатика, география, тарих және бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған бағыттарды қамтыды. Оқыту бағдарламасына пәндік мазмұнмен қатар, заманауи педагогикалық әдістемелер, критериалды бағалау жүйесі, дифференциация, цифрлық технологияларды қолдану, оқушының зерттеушілік дағдысын дамыту сияқты өзекті тақырыптар енгізілді.
Педагогтер оқу барысында видео дәрістер, интерактивті тапсырмалар, диагностикалық тесттер және кейстік тапсырмалар арқылы білімдерін тереңдетіп, алған теориялық білімін нақты практикалық жағдайларда қолдануға машықтанды. Оқу үдерісі барысында мұғалімдер командалық жобалар жасап, өзара тәжірибе алмасты.
Курстардың басты артықшылықтарының бірі – ауыл мұғалімдерінің кәсіби дамуын нақты жағдайларға бейімдей отырып ұйымдастырылуы. Олардың жұмыс барысындағы шынайы сұраныстарына сәйкес білім берілді. Сонымен қатар, мұғалімдерге инклюзивті білім беру, оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру, психологиялық қолдау, оқу мотивациясын арттыру бағыттары бойынша да әдістемелік көмек көрсетілді.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы – ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыруға, педагогтердің әлеуетін көтеруге, елдімекендердегі білім беру теңсіздігін азайтуға бағытталған нақты қадам. Бұл жобаның аясында жүзеге асырылған курстар болашақта ауыл балаларының сапалы білім алуына, ал ұстаздардың бәсекеге қабілетті болуына зор ықпал етеді.