Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаментің басшысы Құлтаев Ерназар Сейтханұлы 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өтетін ұлттық ауыл шаруашылығы санағы . Бұл – елдің аграрлық секторы туралы өзекті және сенімді ақпарат жинауға бағытталған стратегиялық статистикалық шара. Санақ нәтижелері ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тиімді мемлекеттік саясат қалыптастыру үшін қажет. Іс-шараны ұйымдастыру жөніндегі шешімді Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет қабылдаған. Санақ мерзімі аграрлық маусымның ерекшеліктері ескеріліп таңдалды.
Санаққа дайындық 1,5 жыл бұрын басталды: Үкіметтік деңгейде арнайы комиссия құрылып, нормативтік-құқықтық база бекітілді, орталық және жергілікті органдар жұмылдырылды. Сонымен бірге, Латвия, АҚШ, Польша, Ресей, Өзбекстан, Ұлыбритания және Грузия елдерімен халықаралық кеңестер өткізіліп, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының әдістемесі негізге алынды. 2023 жылы Шымкент қаласының Тұран ауданындағы Ақжар тұрғын алабында пилоттық санақ өткізіліп, ақпараттық жүйелер мен әдістемелік құралдар сынақтан өтті. Бұған дейін Қазақстанда мұндай санақ тек 2006–2007 жылдары өткен. Енді 2025 жылы өсімдік, мал және балық шаруашылығы бір мезгілде қамтылады.
Санаққа барлық шаруа немесе фермер қожалықтары, ауыл шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қатысуға міндетті. Бұл – тек статистикалық есеп емес, бүкіл ел үшін маңызды ұлттық бастама.
2025 жылғы ауыл шаруашылығы санағы екі кезеңнен тұрады. Бірінші – онлайн кезең: 1–31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz сайтында респонденттер сауалнама парақтарын өз бетінше толтыра алады. Электронды цифрлық қолтаңба, QR-код немесе SMS арқылы жүйеге тіркеліп, көрсеткіштерді жаңартуға мүмкіндік беріледі. Бұл әдіс уақыт үнемдеп қана қоймай, деректер сапасын арттырады. Онлайн сауалнама толтыру барлық ұйымдасқан шаруашылықтар үшін міндетті. Осыған орай Шымкент қаласында 13 өзіне-өзі қызмет көрсету пункті ашылған.
Егер сауалнаманы толтыруда сұрақтар туындаса, арнайы әзірленген «sanaq-Myrza» виртуалды көмекшісі немесе 1446 байланыс орталығы арқылы көмек алуға болады. Екінші – офлайн кезең 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында өтеді. Интервьюерлер ауылдық жерлердегі шаруашылықтарды аралап, деректерді тікелей жинайды.
Сауалнамада ауыл шаруашылығы техникасы, инфрақұрылым, жер көлемі, мал басы және еңбек ресурстары жайлы сұрақтар қамтылған. Санаққа қатысудан бас тартқан тұлғалар заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мәліметтердің құпиялылығы толықтай сақталады, сандар тек жиынтық түрде өңделіп, басқа мемлекеттік органдарға берілмейді.
Санақ барысында интервьюерлер ретінде оқытылған 10 азамат жұмыс істейді. Олар арнайы онлайн платформада білім алып, тест тапсырады. Алынған мәліметтердің алғашқы нәтижелері 2025 жылдың желтоқсанында жарияланып, толық есебі 2026 жылы ұсынылады. Бұл санақ елдің аграрлық саласын дамытудағы маңызды деректер базасын қалыптастырады және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарады. Барша азаматтардан белсенділік пен саналы көзқарас күтіледі.
Алдынғы жаңалық