Ақпарат Жаңалықтар

ШЫМКЕНТТІК СТУДЕНТ «ҚР КОЛЛЕДЖДЕРІНІҢ ҮЗДІК 100 СТУДЕНТІ» ТІЗІМІНЕ ЕНДІ

2025 жыл – елімізде Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланғаны белгілі. Осы орайда ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылған «ҚР колледждерінің үздік 100 студенті» атты республикалық байқау өз мәресіне жетті. Байқаудың негізгі мақсаты – техникалық және кәсіптік білім алып жатқан белсенді, білімді, еңбекқор жастарды анықтап, қолдау көрсету.

Осы мәртебелі байқауда Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты «Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжі» МКҚК-нің 3-курс студенті Рахмет Қуаныш Искахұлы жеңімпаз атанып, еліміздің үздік студенттері қатарынан көрінді. Ол «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша білім алуда. Қуаныштың бұл жетістігі – оның үздік үлгерімі мен оқу процесіндегі белсенділігі, кәсіби тұрғыдағы ізденісі мен шығармашылық қабілетінің нәтижесі.

Оның жетекшісі – тәжірибелі педагог, өз ісінің маманы Мадина Камбаровна Омарова. Ұстаз бен шәкірт арасындағы тығыз қарым-қатынас пен жүйелі дайындық бұл жетістікке жетуге негіз болды.

«Қазіргі таңда еліміздің болашағы – білімді әрі бәсекеге қабілетті жастардың қолында. Мемлекет техникалық және кәсіптік білім беру саласына ерекше көңіл бөлуде. Мәселен, соңғы жылдары жұмысшы мамандықтарына берілетін мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайып, студенттердің шәкіртақысы екі есеге артты. Сонымен қатар колледж студенттеріне халықаралық деңгейде сертификат алу, өз ісін бастау, шетелде тағылымдамадан өту сияқты мүмкіндіктер ұсынылуда. Бұл – жастар үшін зор мүмкіндік. Жас буынның белсенділігі мен табандылығы – елдің дамуына серпін беретін басты күш», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрі.

Айта кету керек, байқау бірнеше кезеңнен тұрды: үздік портфолио, ғылыми жобалар, практикалық дағдылар және студенттің оқу орны мен қоғамдағы белсенділігі жан-жақты бағаланды. Қуаныш бұл кезеңдердің бәрінен абыроймен өтіп, комиссияның жоғары бағасына ие болды.

Колледж әкімшілігі мен оқытушылар құрамы да бұл жетістікті зор қуанышпен қабылдап, болашақта Қуаныш сынды студенттердің көбейетініне сенім білдіруде.

Бұл жеңіс – тек Қуаныштың ғана емес, бүкіл Шымкент қаласының білім саласындағы жетістігі. Ол өз табысымен колледжінің абыройын арттырып қана қоймай, жастардың кәсіптік білімге деген ынтасын арттыруға үлес қосып отыр. Жас мамандарды қолдауға бағытталған осындай жобалар Қазақстанның өндірістік және техникалық әлеуетін арттыруға зор серпін беретіні сөзсіз.

Қатысты жаңалықтар

Құрметті Шымкент қаласының БАҚ өкілдері мен блогерлері !

bastynews

ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТЫҚ КӘСІПКЕР ҰСЫНҒАН ТӘТТІ НАНҒА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

Bastynews

ТҮРКІСТАН: БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР КҮШЕЙТІЛДІ

Bastynews