Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Мақтаарал ауданында «Қайырымды іс – жан азығы» акциясы аясында қайырымдылық пен мейірімділікті дәріптеуге арналған игі шара ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мәні – қоғамдағы қамқорлық пен жанашырлықты арттыру, ерекше балалар мен олардың отбасыларына қолдау көрсету, сондай-ақ ізгі іс жасап жүрген азаматтардың еңбегін көпшілікке таныту.
Акция барысында қайырымдылық бағытында тұрақты түрде қолдау көрсетіп жүрген азаматтардың бастамалары насихатталып, олардың қоғамға қосып жүрген үлесі атап өтілді. Сонымен қатар ерекше балалардың шығармашылығы мен жетістіктерін көрсететін фотокөрме ұйымдастырылып, олардың өміріне қоғам назарын аударуға мүмкіндік берілді.
Қайырымдылық – адамның материалдық мүмкіндігімен ғана өлшенбейді. Кейде көңіл бөлу, жылы сөз айту, қолдау көрсету мен жанынан табылудың өзі үлкен демеу. Осындай қарапайым, бірақ жүректен шыққан әрекеттер адамдар арасындағы сыйластық пен өзара сенімді күшейтеді.
Акция аясындағы шаралар арқылы тұрғындарға мейірімділік пен адамгершіліктің маңызы түсіндіріліп, әр азаматты қоғамдағы игі бастамаларға белсенді араласуға шақыруға мән берілді.
Жақсылық – бөліскен сайын көбейеді. Бір адамның жасаған қайырымды ісі екінші жанға үміт сыйлап, айналасына мейірім шуағын таратады.
«Қайырымды іс – жан азығы» акциясы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, қайырымдылықты қажет ететін азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған жаңа бастамалар жүзеге асырылатын болады.
