Қоғам

«Таза Қазақстан»: Шымкент жастары экологиялық акцияға белсенді қатысты

Шымкентте республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жастардың қатысуымен кең ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылды. Шара барысында еріктілер қоғамдық көпшілік орындарды абаттандырып, қоршаған ортаны қорғау мен азаматтық жауапкершіліктің маңызын насихаттады.

Акцияны Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Іс-шараға 14 пен 35 жас аралығындағы 40 ерікті қатысты. Олардың қатарында мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, жас мамандар мен қоғамдық ұйымдардың белсенділері де болды. Әртүрлі ортадан келген жастарды ортақ мақсат – туған қаланың тазалығы мен көркеюіне үлес қосу біріктірді.
Экологиялық акция басталар алдында қатысушылармен кездесу өтті. Жастарға қалалық Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Қуаныш Серікбай құттықтау сөз сөйлеп, қоршаған ортаны қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін тілге тиек етті.
Кездесуге Шымкент қаласы Полиция департаментінің, прокуратура органдарының және экологиялық қызметтердің өкілдері де қатысты. Олар жастарға экологиялық мәдениетті қалыптастырудың, қоғамдық тәртіпті сақтаудың және табиғатқа жанашырлықпен қараудың маңызы жөнінде пікірлерін білдірді. Спикерлер Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының қоғамдағы экологиялық мәдениетті арттырудағы рөліне ерекше тоқталды.
Олар мұндай бастамалардың қарапайым сенбіліктермен ғана шектелмейтінін айтты. Өйткені жастардың бойында еңбекке құрметті, қоғамдық жауапкершілікті және туған жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыруда мұндай іс-шаралардың рөлі зор. Отанға деген жанашырлық туған ауладан, тұрған көшеден және өз қаламыздың тазалығына қамқор болудан басталатыны атап өтілді.
Кездесуден кейін еріктілер Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратының аумағы мен Абай атындағы саябақта тазалық және абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Акция барысында жиналған әрбір қоқыс, тазартылған әрбір соқпақ пен абаттандырылған әрбір аумақ туған өлкенің тазалығына, жайлы әрі көрікті қалалық орта қалыптастыруға қосылған нақты үлес болды.
Айта кету керек, Шымкент жастары қоғамдық бастамалардың бел ортасында жүріп, еліміздегі оң өзгерістердің қозғаушы күшіне айналып келеді. Олар экологиялық акцияларға, волонтерлік жобаларға және әлеуметтік маңызды шараларға тұрақты түрде қатысып, белсенді азаматтық ұстанымның үлгісін көрсетуде.
Мамандардың айтуынша, мұндай акциялар экологиялық сананы қалыптастырумен қатар, қоғамдағы бірлік пен өзара жауапкершілікті нығайтады. Жастардың ортақ мақсатқа жұмылуы қалалардың көркеюіне ғана емес, елдегі азаматтық мәдениеттің дамуына да оң ықпал етеді.

Қатысты жаңалықтар

Отбасындағы тәртіп ережелері жүйесі

Bastynews

ШЫМКЕНТТЕ «МЫҢ ЖҮЙРІК» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

bastynews

ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ НАЗАРЫНА

bastynews